Павлодар облысында жол қозғалысы ережелерін бұзудың ең жиі кездесетін бес түрі анықталды
Павлодар облысында жыл басынан бері жол қозғалысы ережелерін бұзудың ең жиі кездесетін бес түрі анықталды. Олардың қатарында жылдамдықты асыру, көлікті пайдалану қағидаларын сақтамау, жаяу жүргіншілер тарапынан жасалатын құқық бұзушылықтар және жол қауіпсіздігіне қатысты өзге де талаптарды орындамау деректері бар, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өңірде ең көп тіркелген құқық бұзушылық – белгіленген жылдамдықты асыру. Жыл басынан бері осындай 132 864 дерек анықталған. Жылдамдық режимін сақтамау жол-көлік оқиғаларының туындау қаупін арттырады. Себебі көлік жылдамдығы жоғарылаған сайын жүргізушінің жолдағы жағдайға дер кезінде әрекет ету және соқтығысудың алдын алу мүмкіндігі төмендейді.
Екінші – көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу. Бұл бағытта 9 554 құқық бұзушылық тіркелген. Полиция жүргізушілерге көліктің техникалық жай-күйін тұрақты бақылап, оның жол қозғалысына қатысуға жарамдылығын қамтамасыз ету қажеттігін ескертеді.
Үшінші – жаяу жүргіншілер тарапынан жасалған құқық бұзушылықтар. Жыл басынан бері 8 931 дерек анықталған. Олардың қатарында жолды белгіленбеген жерден кесіп өту және бағдаршамның тыйым салатын сигналына бағынбау сияқты әрекеттер бар. Мұндай құқық бұзушылықтар жаяу жүргіншілердің өзіне де, өзге жол қозғалысына қатысушыларға да қауіп төндіреді.
Төртінші – жолаушылар мен жүктерді тасымалдау талаптарын, қауіпсіздік белдіктері мен мотошлемдерді пайдалану қағидаларын сақтамау. Осы санат бойынша 8 914 құқық бұзушылық анықталған. Қауіпсіздік белдігі мен мотошлемді пайдалану – жол-көлік оқиғасы кезінде ауыр жарақат алу қаупін төмендететін маңызды қауіпсіздік шараларының бірі.
Бесінші – көлік басқару құқығынсыз көлік жүргізу. Жыл басынан бері полицейлер осындай 5 710 құқық бұзушылықты анықтаған.
Павлодар облысының полиция департаменті жол қозғалысы ережелерін сақтау бойынша профилактикалық жұмыстарды жалғастыруда. Тәртіп сақшылары жолдағы құқық бұзушылықтарды анықтау, олардың алдын алу және жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында рейдтік іс-шаралар жүргізіп келеді.
Полиция жүргізушілерді жылдамдық режимін сақтауға, көліктің техникалық жағдайын бақылауға, қауіпсіздік белдіктерін пайдалануға және жол қозғалысының өзге де талаптарын қатаң орындауға шақырады. Сондай-ақ жаяу жүргіншілерге жолдан өту кезінде мұқият болып, белгіленген ережелерді сақтау қажеттігін ескертеді.
