Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында екі күдіктіден 3,5 келіден астам психотроптық зат тәркіленді

Павлодар облысында екі есірткі курьері ұсталып, 3,5 келіге жуық психотроптық зат тәркіленді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар облысында есірткі заттарын заңсыз таратуға қатысты екі деректің жолы кесілді. Күдіктілер ұсталып, олардың бірінен 1 келіден астам, екіншісінен 1,5 келіден астам психотроптық зат тәркіленді.

"Қарасора" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жедел уәкілдер өңірдің 23 жастағы тұрғынын ұстады. Жеке тінту кезінде оның спорттық сөмкесінен таратуға дайын орамдары бар брикеттер табылды. Сонымен қатар күдіктінің тұрғылықты жеріндегі қойма бөлмесінен тағы бірнеше орама тәркіленді.

Сондай-ақ есірткі заттарын өлшеп, буып-түюге пайдаланылған қаптама материалдары, электронды таразы және өзге де заттар тәркіленді.

Сараптама қорытындысына сәйкес, алынған заттардың құрамында синтетикалық есірткі мен психотроптық заттар бар екені анықталды. Тәркіленген заттардың жалпы салмағы 1 келі 857 грамды құрады. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті психотроптық заттарды сататын интернет-дүкеннің тасымалдаушысы әрі есірткі заттарын жасырын орындарға орналастырумен айналысқан.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Екінші жағдайда жедел уәкілдер Жамбыл облысының тумасын ұстады. Тінту барысында одан жалпы салмағы 1,5 келіден астам психотроптық зат тәркіленді. Бұл дерек бойынша да қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті үйқамаққа алынған.

– Жыл басынан бері Павлодар облысында заңсыз айналымнан әртүрлі есірткі заттарының 463 келісі, оның ішінде 14 келі синтетикалық есірткі тәркіленді, – деді Павлодар облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Арсен Айгазин.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру