Павлодар облысында полицейлер интернет-алаяқтың арбауына түскен тұрғынға ақшасын қайтарды
Полиция қызметкерлерінің кәсібилігі мен жедел әрекетінің арқасында Ертіс ауданының тұрғыны интернет-алаяқтарға аударып жіберген 540 мың теңгесін қайтарып алды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ертіс ауылының тұрғыны Instagram әлеуметтік желісін қарап отырып, компьютерлер мен олардың қосалқы бөлшектерін тиімді бағамен ұсынған интернет-дүкеннің жарнамасына тап болған. Ұсынысқа қызығушылық танытқан азамат WhatsApp мессенджері арқылы сатушымен байланысқа шығып, тауардың сипаттамасын, бағасын және жеткізу шарттарын талқылаған. Кейін көрсетілген банк картасына 540 мың теңге аударған.
Алайда ақша аударылғаннан кейін сатушы хабарламалар мен қоңырауларға жауап беруді тоқтатқан. Алаяқтардың әрекетіне тап болғанын түсінген азамат дереу Ертіс ауданының полиция бөліміне ресми байланыс арнасы арқылы жүгінген.
Полиция қызметкерлері өтінішті назарға алып, жедел шаралар жүргізді. Нәтижесінде тұрғынның 540 мың теңге көлеміндегі қаражаты толық қайтарылды. Осылайша, азамат елеулі қаржылық шығынға ұшыраудан аман қалды.
Қаражатын қайтарып алған Алексей Николаев аға жедел уәкіл Әмір Сәдуақасовқа, аға тергеуші Арман Жүсіпбаевқа және тергеуші Алексей Штраубқа ерекше алғыс білдірді. Ол полицейлердің кәсібилігін, жауапкершілігін және азаматтарға деген жанашырлығын атап өтті.
- Полиция қызметкерлеріне кәсібилігі, жедел әрекеті және бейжай қарамағаны үшін алғысымды білдіргім келеді. Олардың жұмысының арқасында ақшамды қайтарып алдым. Көрсеткен көмектеріңіз бен қызметтік міндеттеріңізді адал атқарғандарыңыз үшін рақмет! – деді Алексей.
Бұл жағдай азаматтардың әрбір өтінішіне мұқият қараудың және полиция қызметкерлерінің дер кезінде көрсеткен көмегінің маңызын тағы бір мәрте айқындайды.
Полиция азаматтарды интернет арқылы сауда жасау кезінде сақ болуға шақырады. Бейтаныс сатушыларға ақша аударуға асықпаңыздар, интернет-дүкендердің сенімділігін тексеріп, күмәнді әрі тым арзан ұсыныстарға алданып қалмаңыздар.
Есіңізде болсын: қырағылық – интернет-алаяқтардан қорғанудың ең тиімді жолы!
