Екібастұзда үлгілі жүргізушілер марапатталды
Екібастұз қаласында "Үлгілі жүргізуші" республикалық акциясы аясында жол жүрісі қағидаларын сақтап, жолда жауапкершілік пен тәртіп танытқан жүргізушілерді ынталандыруға бағытталған профилактикалық іс-шара өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Акция барысында полиция қызметкерлері автокөліктерді тоқтатып, жүргізушілердің құжаттарын тексерді. Сонымен қатар жол қауіпсіздігі талаптарының орындалуына, жолдағы тәртіпке, қажетті құжаттардың болуына және көлік басқару кезіндегі жауапкершілікке ерекше назар аударылды.
Жол жүрісі қағидаларын бұзбаған, жолда тәртіп пен жауапкершіліктің үлгісін көрсеткен жүргізушілерге "Үлгілі жүргізуші" грамоталары табысталды.
Полицейлер мұндай бастамалар құқық бұзушылықтардың алдын алуға ғана емес, сонымен қатар өз іс-әрекетімен өзгелерге үлгі болатын азаматтарды ынталандыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Жол қауіпсіздігі, ең алдымен, әр жүргізушінің жауапкершілігіне, мұқияттылығына және белгіленген қағидаларды сақтауына байланысты.
Құқық қорғау қызметкерлері барлық жол қозғалысына қатысушыларды жолда мұқият болуға, бір-біріне құрметпен қарап, жауапкершілік танытуға шақырады.
Заң мен тәртіп – әркімнің жауапкершілігі!
