Қызылорда облысында жыл басынан бері 40 жасөспірім заңсыз көлік басқарған
Қызылорда облысында жыл басынан бері 40 жасөспірім заңсыз көлік басқарған, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында жүйелі профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен жасөспірімдердің заңсыз көлік басқаруы әлі де алаңдаушылық туғызады.

Баланың өмірі мен денсаулығы, қауіпсіздігі және жарқын болашағы – қоғамның басты құндылықтарының бірі. Өскелең ұрпақтың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және түрлі құқық бұзушылықтардың алдын алу – ортақ міндет.
Осы бағытта полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында рейдтік әрі профилактикалық шараларды тұрақты түрде жүргізіп келеді.
Рейдтік шаралар нәтижесінде жыл басынан бері 11 398 құқық бұзушылық анықталған. Қаңғыбастық пен кезбелікке салынған 231 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылды.

Түнгі уақытта заңды өкілінсіз ойын-сауық орындары мен тұрғынжайдан тыс жүрген 8 124 жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал балаларды тәрбиелеу және білім беру жөніндегі міндеттерін орындамаған 1 410 ата-анаға әкімшілік хаттама рәсімделді.
Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген 220 кәсіпкер және оларға темекі бұйымдарын сатқан 39 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Ішкі істер органдарының есебіне 102 жасөспірім мен 130 қолайсыз отбасы алынып, олармен жеке профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
Жасөспірімдердің көлік басқаруы да ерекше назарда. Жыл басынан бері облыста кәмелетке толмағандардың көлік құралын басқаруының 40 дерегі анықталған. Оның 16-сы жол-көлік оқиғасымен аяқталған.
Бұл көрсеткіш жасөспірімдердің көлік басқаруының қауіпті екенін және мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын күшейту қажеттігін көрсетеді.
Полиция қызметкерлері анықталған деректер бойынша тиісті шаралар қабылдап, жасөспірімдер мен олардың ата-аналарына түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұдан бөлек, білім беру ұйымдарында оқушылармен кездесулер ұйымдастырылып, жол қауіпсіздігі, заң талаптарын сақтау және құқық бұзушылықтың салдары жөнінде профилактикалық әңгімелер өткізілуде.
Мұндай жұмыстардың басты мақсаты – жасөспірімдердің құқыққа қайшы әрекеттерге баруына жол бермеу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ата-аналардың жауапкершілігін арттыру.
Полиция ата-аналарды балаларының қайда жүргеніне бақылау жасауға, түнгі уақытта үйден себепсіз шығуына жол бермеуге және көлік құралдарының кілттерін балалардың қолы жететін жерде қалдырмауға шақырады.
