Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көлік нысандарында діни әдебиеттерді сақтауға және таратуға тыйым салынады

Көлік полициясы: көлік нысандарында діни әдебиеттерді сақтауға және таратуға тыйым салынады,- деп хабарлайды Polisia.kz порталының тілшісі.

Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған діни мазмұндағы әдебиеттерді және өзге де ақпарат көздерін сатуға, таратуға және сақтауға байланысты құқық бұзушылықтарды анықтауға бағытталған жедел-алдын алу іс-шараларын үнемі өткізеді.

Департаменттің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ерлан Әлімов атап өткендей, өткен жылдың қазан айында Көліктегі полиция департаменті мен Луговой стансасыны желілік бөлімшелер қызметкерлері алдын алу іс-шараларын өткізу кезінде жолаушылар поездарын тексеру кезінде Қырғыз Республикасының 4 азаматын ұстады. Олардың әрқайсысынан сараптама қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған діни әдебиеттер алынып, тәркіленді.

«Ұсталғандар Жамбыл облысы Меркі аудандық сотының шешімі бойынша ҚР ӘҚБтК 453 бабы 4 бөлігі бойынша (Конституциялық құрылысты күштеп өзгертуді, ҚР тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыруды, қатыгездікті, зорлық-зомбылықты және порнографияны насихаттауға немесе үгіттеуге бағытталған мәліметтер мен материалдары бар БАҚ-қа жатпайтын басқа да өнімдерді дайындау, сақтау, әкелу, тасымалдау, тарату) әкімшілік жауапкершілікке тартылды және әрқайсысына 176 мың 500 теңге айыппұл түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды», – деп түйіндеді полиция полковнигі.

Еске саламыз, Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 9-бабы 2-тармағына сәйкес діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпарат көздерін сатуға, таратуға және сақтауға тек қана ғибадат үйлерінде (ғимараттарында), діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ облыстардың, қалалардың жергілікті атқарушы органдары арнайы белгілеген орындарда, темір жол және әуе көлігі нысандарында тыйым салынады.

 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру