Пробация есебінде тұрғандар еріктілермен спорттық жарысқа түсті
Бүгін, Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Мәртөк аудандық пробация қызметі аудандық жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаға тартылғандар және аудандағы жастар арасында шағын футболдан жарыс өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz порталының тілшісі.
Аудандағы орта мектептің спорт залында ұйымдастырылған жарысқа төрт орта мектептің жас мамандары мен Мәртөк аудандық пробациясы қызметі есебінде тұрғандар және пробация қызметкерлерінен құралған барлығы 6 команда қатысты.
Шараны ашқан Мәртөк аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Руслан Ерімбетов:
– Өздеріңіз білесіздер, ҚР президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы, яғни 2020 жылды- «Еріктілер жылы» деп жариялады. Осыған орай, аудан көлемінде жыл бойына еріктілердің қатысуымен түрлі шаралар өтетін болады.
Жалпы, «Спорт- денсаулық кепілі» деп айтамыз. Ендеше, жастарымыз осындай денсаулыққа пайдалы спорттық жарыстарды ұйымдастыру арқылы оған белсенді қатысып тұрса- нұр үстіне нұр болар еді,- деді.
Осыдан кейін сөз алған аудандық білім бөлімінің спорт секциясының басшысы Ертөс Абдрахманов пен жарысқа қатысы бар орта мектептің директорлары: «Еріктілер- қоғамның белсенді мүшесі болғандықтан, биылғы еріктілер жылынан көп жақсы өзгерістер күтетіндерін айтты. Өйткені, айтуларынша, қылмыстың алудың бірден бір жолы- жастардың бос уақытын тиімді өткізу».
– Бүгінгі спорттық сайыстың мақсаты- аудан жастары мен пробация қызметі есебінде тұрған азаматтардың бос уақытын пайдалы мақсатқа жұмсау. Пробация қызметі есебінде тұрған азаматтарды қоғамнан оқшауламай, ортаға бейімдеу. Жастардың арасында салауатты өмір салтын насихаттау. Жалпы, шара өз деңгейінде өтіп, ойыншыларға жақсы көңіл-күй сыйлады,-дейді Мәртөк аудандық пробация қызметінің инспекторы Мұрат Бисенғалиев.
Жарыстың қорытындысымен I, II және III ші орындарды орта мектептің мұғалімдерінен құралған командалар жеңіп алып, команда ойыншылары ұйымдастырушылар тарапынан алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ, пробация қызметі есебінде бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларға сотталған азаматтар «ынталандыру», ал Пробация қызметінің командасы жарысқа белсенді қатысқаны үшін марапатталып, барлық команда ойыншыларына сыйлықтар берілді.