Түнгі рейд: НЗМ 12 оқушысы қараусыз қыдырған
Ақтау қаласында түнгі рейд кезінде қарауыз жүрген жерлерінде ұсталған оқушылардың заңды өкілдеріне әкімшілік хаттама толтырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтау қаласының ювеналды полиция қызметкерлері білім беру мекемелерінің тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарымен бірге түнгі рейдке шыққан болатын.
Сол шараның аясында 11-шағын ауданда орналасқан «Оранж» кафесінде қараусыз қыдырып жүрген Назарбаев зияткерлік мектебінің 12 оқушысы анықталды.
Түнгі рейд кезінде көзге түскен тек олар емес. Мамандар 23:00-ден кейін үлкендердің қарауынсыз жүрген басқа да бірнеше баланы кезіктірді.
Көпқабатты үйлер ауласында шу көтеріп, тұрғындардың мазасын алған жастардың әрекеті полиция шақыртуға итермелеген. Тұрғындар жергілікті полиция басқармасына “102” арқылы қоңырау шалып, тәртіп сақшыларын шақыруға мәжбүр болыпты.
Айтылған мекен жайға жеткен полицейлер кәмелетке толмаған балалардың ішімдік ішкенін анықтады.
Олардың барлығы Маңғыстау облысы ПД Жергілікті полиция қызметіне жеткізілді. Сол жерге оқушылардың ата-анасы шақырылып, әкімшілік хаттама толтырылды және есепке қойылды.
Енді ол материалдар Ақтау қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бөліміне жіберіледі.