Коронавирустық инфекцияға байланысты профилактикалық іс-шаралар өткізіліп жатыр
ҚАЖ мекемелерінде коронавирустық инфекцияға байланысты профилактикалық іс-шаралар өткізіліп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдай ҚР ІІМ ҚАЖ комитетінің тұрақты бақылауында.
Коронавирустың пайда болуын және таралуын болдырмау, сондай-ақ ҚАЖ органдары жеке құрамының және пенитенциарлық жүйе мекемелерінде ұсталатын адамдардың қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында «Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 15 наурыздағы № 285 Жарлығының, ”Төтенше жағдайлар туралы” заңның, ҚР Қылмыстық-атқару кодексінің, сонымен қатар, ІІМ бұйрықтарының талаптарына сәйкес бірқатар шектеу қойылғанжәне алдын алу іс-шаралары ұйымдастырылды.
ҚАЖ мекемелерінде сотталғандар және тергеу-қамауындағылар үшін жаппай мәдени іс-шаралар ұйымдастыруға тыйым салынған, бұл ретте олармен тәрбие жұмысын жүргізу тек жеке нысанда ғана ұйымдастырылатын болады.
Шектеу қойылған шараларды түсіндіру бойынша мақсатты жұмыстар, оның ішінде еліміздегі төтенше жағдай кезінде сотталғандардың туысқандарымен кездесулеріне тыйым салу бойынша да түсіндірулер жүргізіліп жатыр.
Бұл ретте, ҚАЖ мекемелерінде ұсталатын адамдарға таксофондар арқылы телефонмен шектеусіз сөйлесу мүмкіндігі, техникалық мүмкіндіктер болған жағдайда бейне кездесу беріледі.
Карантин кезеңінде ҚАЖ мекемелеріндегі жалпы білім беретін мектептер мен кәсіби колледждердің жұмыс істеуі тоқтатылды. ҚАЖ мекемелерінің аумағындағы кәсіпорындар мен кәсіпкерлік субъектілердің өндірістік қызметінің жұмыстары қабылданған шектеу шараларын ескере отырып ұйымдастырылатын болады, басқа да шаралар қабылданды.
Мекемелердің медицина бөлімінде коронавирустық инфекцияны жұқтыру күдігі анықталған жағдайда науқасты оқшаулау үшін санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес инфекциялық изолятор жабдықталған.
Қазіргі уақытта жеке құрам және ҚАЖ мекемелерінде жазаларын өтеп жатқан адамдар арасында жеке гигиена ережелері, коронавирустық инфекцияны алдын алу шараларын сақтау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сотталғандар мен тергеу-қамауындағылар қажетті дәрілік заттармен қамтамасыз етілген, инфекциялық бақылау шаралары күшейтілді, оның ішінде зарарсыздандыру режимі, палаталарды және кабинеттерді желдету, кварцтеу, маска кию режимін сақтау. Мекемелердің күзеті күшейтіліп, жеке құрам қызмет өткерудің күшейтілген режиміне ауыстырылды.
Бұдан басқа, ҚАЖ комитетінде бірыңғай кол-орталық – 8-(7172) – 72-30-40 құрылған, оған сотталғандардың туыстары және қорғаушылары кез келген сұрақтар бойынша жүгіне алады.
Бүгінгі күні қылмыстық-атқару жүйесі мекелеріндегі жағдай тұрақты, сотталғандар мен тергеу-қамауындағылар арасында коронавирустық жұқпалы ауруды жұқтырған адам жоқ.