Ұрланған көлікпен мал ұрланды
Түркістан облысының Келес аудандық полицейлері рейд кезінде 10 шақты үйден мал ұрланған қылмысқа қатысты бірнеше күдіктіні қолға түсірді. Олар малдан бөлек көлікті де ұрлап мінген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аудандық полиция аймақта мал ұрлығын тоқтату мақсатында базарларда тексеру жұмыстарын ұдайы жүргізіп отырады. Онда әрбір сатылатын малдың құжаттары тексеріледі.
Сондай рейдтердің бірінде полицейлер 10 шақты үйден мал ұрлаған қылмыстық топты анықтады. Олар базарда кезіккен. Сатып тұрған қойларына тиісті құжаты болмапты. Сол мезетте мән-жайды анықтауға бекінген сақшылар әлгі әккілердің ұрланған қойды сатып тұрғанын біледі.
Тергей келе полицейлер екі күдіктінің осыған дейін мал ұрлығына қатысты тіркелген 9 қылмысқа қатысы барын анықтады. Жалпы келген шығын – 2,5 миллион теңге.
Күдіктілер кінәсін мойындап, ұрлыққа бірге барғандарын айтты. Күдіктінің бірі – Сарыағаш ауданының, екіншісі – Мақтаарал ауданының тұрғыны. Екеуі де бұрын істі болған.
Ұрлаған малды сатып, ақшаны өз қажеттілігіне жаратып отырған. Келестік полицейлер олардың мал тиеп жүрген көліктерінің де ұрланғанын анықтады. Күдіктілер Шымкент қаласы көшелерінің бірінде тұрған “Opel Vectra” автокөлігін заңсыз айдап кеткен.
Ұрланған көлікті өзінің мемлекеттік нөмірімен айдап жүру қауіпті екенін ойлаған әккілер басқа бір тұрғынның машинасына тиесілі нөмірін жасырын алып, сонымен жүрген. Ұрланған көлік иесіне қайтарылды.
Күдіктілер қамауда. Аталған жайттар ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы “Ұрлық” пен
188-1-бабы “Мал ұрлық” бойынша тіркелді. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, іс сотқа жолданды.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қора-жайларыңыздағы малды ұрылардан сақтау мақсатында барлық қажетті шараларды жүргізу керектігін ескертеді. Егер де малыңыз ұрланып немесе жоғалса, тез арада полицияның “102” телефоны арқылы хабар берген жөн.