Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Студенттің интернеттегі былығы

Түркістан облысының полицейлері әлеуметтік желі арқылы жұртты алдап, алаяқтық жолмен ақша аудартып отырған студентті ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан ҚПБ-на жергілікті тұрғын арызданады. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз біреу инстаграм арқылы “ИнстаБен” атты ойынға қатысуға шақырған. Ойынның шартын түсіндіре отырып, сеніміне кіріп, “50 000 теңге салсаңыз, 500 000 теңге ұтып алуға мүмкіндігіңіз бар” деп қызықтырған. Сөйтіп 8 707 343 51 24 нөміріне «Qiwi» арқылы ақшаны аудартып алып, алдап кеткен.

Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы “Алаяқтық” бойынша тіркелді.

Жедел-іздестіру жұмыстары кезінде нөмірдің кімге тиесілі екені анықталып, алаяқтың жеке-басы белгілі болды.

Күдікті Ақтөбе қаласының тұрғыны боп шықты. Студент Алматы қаласындағы ЖОО-ның бірінде “IT” мамандығы бойынша білім алады.

Қазір оның осы сияқты басқа да қылмыстарға қаншалықты қатысы бар екені тексеріліп жатыр. Оны сотқа дейінгі тергеу амалдары анықтайды.

Түркістан полицейлері жұрттың арбауына сенбеуге шақырады. Кімде-кім 8 707 343 51 24 нөміріне “Qiwi” арқылы ақша салып алданған болса, Түркістан облысының Полиция департаментіне хабарласқаны жөн.

Интернет-алаяқтық деп ақпараттық жүйені пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемденуді айтады. Яғни, алаяқ компьютер, смартфон, планшет секілді заманауи құралдардың көмегімен интернет арқылы адамдарды алдап, арбап, ақша бопсалайды, мүлкіне ие болу секілді жымысқы әрекеттерге барады. Сондықтан барынша сақ болыңыз! Кез келген адамға сенбеңіз, өзіңізге ғана белгілі құпия сандарды ешкімге айтпаңыз, көрсетпеңіз. Нақты сенімді болмасаңыз, ақша аудармаңыз!
Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру