Бекетті айналып өтуге тырысқандар қамауға алынды
Алматы облысындағы тосқауыл-бекеттерін айналып өтуге тырысқан азаматтар бес тәулікке қамаққа алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жақында төрт азамат Алматы қаласымен шектес тосқауыл-бекеттерін заңсыз айналып өтуге әрекет еткен.
“Атап айтқанда, 1986 жылы туған Түркістан қаласының тұрғыны еліміздегі төтенше жағдай тәртібін бұза отырып, Алматы қаласының аумағына “Ақсай” өзені арқылы жасырын өтуге тырысқан. Екінші жағдайда 1968 жылы туған Алматы облысының тұрғыны осы әдіспен карантин жарияланған аумаққа өтуге әрекеттенген. Тағы да бір Алматы облысының тұрғыны Іле ауданының Покравка елдімекенінің маңындағы №22 тосқауыл-бекеті жанында ұсталды. Төртінші құқық бұзушы 2000 жылы дүниеге келген Қырғызстан елінің азаматшасы болып шықты. Шетел азаматшасының өзімен ешқандай құжаттары жоқ болып шықты. қазіргі жағдайда аталған азаматтардың әрекеттері қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң жазаланатыны белгілі”,- деп хабарлады Қарасай ауданы Полиция басқармасының басшысы Асхат Данияр.
Ұсталған азаматтарға ҚР Әкімшіліқ құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 476-бабына сәйкес хаттама толтырылды. Сондай-ақ, мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен олар бес тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алынды. Қызғыз Республикасының азаматшасы барлық жағдай анықталғанға дейін қабылдау-тарату мекемесіне орналастырылды.