Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Үй алдынан жоғалып кеткен бала көшеден табылды

Түркістан облысының полицейлері із-түзсіз жоғалып кеткен екі жасар бүлдіршінді үйіне қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түлкібас ауданының полиция бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, үй алдында ойнап жүрген қызының қайтып оралмағанын айтқан. Бала тілінің толық шыға қоймағанын ескерген сақшылар дереу іздеуге көшті. Жоғалған қыз баланы табуға Түлкібас аудандық полиция бөлімшесінің бүкіл жеке құрамы мен жергілікті полиция қызметінің құрылымдары жұмылдырылады.

Полицейлер ауыл ішін көлікпен аралап, учаскелік полиция инспекторлары көше арасындағы қуыстардың барлығын тінтіп шықты. Бір жарым сағат уақыт өткенде бала ауыл көшелерінің бірінен табылды. Тәртіп сақшылары бүлдіршінді аман-есен ата-анасына табыстады.

Баланың атасы мен әжесінің полиция қызметкерлеріне айтар алғысы шексіз.

“Немереміз Аделинаны үйдің жанында ойнап жүрген жерінен таба алмай қалдық. Өзіміз жақын жердің барлығын іздедік, көршілерден сұрадық. Ешкім көрмегенін айтты. Содан соң бірден полицияға хабар бердік. Олар тез арада келіп, іздестіруді бастап кетті. Немеремізді аман есен тауып берген полицейлерге алғысымыз шексіз”, – дейді бүлдіршіннің әжесі.

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарды бала тәрбиелеу кезінде жауапкершілік танытып, көзден таса етпеу керектігін ескертеді. Әсіресе тілі шықпаған бүлдіршіндерді жасы үлкендердің қарауына сеніп тапсырып, бақылауда ұстау қажеттігін айтады. Әр ата-ана өз баласына деген жауапкершілікті жіті түсінгені жөн. Егерде сіздің балаңыз немесе жақыныңыз із-түссіз жоғалып жатса, онда уақыт өткізбей тез арада полицияның “102” нөміріне қоңырау шалыңыз. Облыс полицейлері жоғалған жанды жедел табу үшін іздестіру шараларын атқаруға әрдайым дайын.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру