Мемлекетаралық іздеуде жүрген қылмыскерлер ұсталды
Жыл басынан бері Қазақстанның көлік полицейлері ауыр және аса ауыр қылмыс жасап, мемлекетаралық іздеуде жүрген сегіз қылмыскердің жолын кесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мәселен, Өскемен-1 станциясындағы Желілік полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері Өскемен-1 станциясының теміржол вокзалында Шығыс Қазақстан облысының 42 жастағы тұрғынын ұстады.
Тексеру барысында ұсталған әйелдің 2017 жылдың ақпан айынан бері мемлекетаралық іздеуде болғаны анықталды.
Оған қатысты Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексінің 228-бабының 3-бөлігі (есірткі құралдарын заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, дайындау, өңдеу) бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Қазір экстрадициялау мәселесі шешіліп жатыр.
Черемшанка темір жол станциясында да 39 жастағы ШҚО-ның азаматы ұсталды. Оған қатысты Өскемен қаласының сотымен ҚР Қылмыстық кодексінің 44-бабының (бас бостандығын шектеу) талаптарын сақтамағаны үшін мемлекетаралық іздеу жарияланған болатын.
Ол азамат Ресей Федерациясына экстрадицияланды.