Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түнде көлік жарыстырғандар жауапқа тартылды

Алматы облысы Қапшағай қаласында жол бойында рұқсатсыз дрифт ұйымдастырған екі хайпер ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қапшағай қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері Instagram пабликтеріндегі жарияланымдарға талдау жасады. Бір жазбада көлік жарысын ұйымдастырушылардың бірі өз парақшасына жазылушыларды тартпақ болғанға ұқсайды. Бірақ сөйте тұра елде енгізілген төтенше жағдай режимін сақтау туралы ҚР Президентінің Жарлығын, сондай-ақ бірқатар жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғанын байқамай қалса керек.

“Оқиға 24 наурыз күні сағат 23.30 шамасында Алматы-Қапшағай тас жолында болды. “БМВ”маркалы екі автокөлік жарысқа түскен. Қазір азаматтардың жеке басы анықталды – олар Қапшағай қаласының тұрғындары. Аталған дерек бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы бірнеше хаттама толтырылды. Атап айтқанда, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабы (төтенше жағдай режимін бұзу) , 597-бабының 3-бөлігі (басқа көлік құралдарының жол жүрісіне кедергі келтіруге әкеп соққан, көлік құралдарын жолдың жүру бөлігінде тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзу) бойынша”, – деп хабарлайды Қапшағай ҚПБ басшысы Манат Айтмуханбетов.

Ұсталғандар өз әрекеттерінің қате болғанын мойындады. Әкімшілік іс жүргізу шешімін қабылдау үшін іс жүргізу жақын арада сотқа жіберіледі.

“Біздің міндетіміз – қоғамдық тәртіпті қорғау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Әсіресе елде жарияланған төтенше жағдай кезінде. Қазір біз интернет ресурстарда орналастырылған барлық жарияланымдарға мұқият талдау жүргіземіз. Белгіленген талаптарға қайшы келетін материалдар бойынша заңнамаға сәйкес қатаң шаралар қолданылып жатыр”, – деп толықтырды Айтмуханбетов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру