Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Батып қалған жүк көлігіне дер кезінде көмек келді

Жол сақшылары оңтүстік өңірдің азық-түлік тасымалдайтын екі үлкен жүк көлігін жол жиегінен алып шығуға көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Соңғы күндері теріскейдің құбылмалы ауа райы жүргізушілерге қолайсыздық тудырды. Екі тәулік ішінде өңір полицейлері облыс жолдарында екі алматылыққа көмектесті. Бір фура езіліп кеткен қалың балшықтан, ал екіншісі боранды күні жол жиегінен шығарылды.

6 сәуір күні полиция қызметкерлері Мейрам Қазиев пен Бахтияр Алпысбаев мінген СҚО ПД патрульдік полиция батальонының экипажы Жезқазған-Петропавл тас жолында кезекшілікте жүрген. Тәртіп сақшылары негізгі жолдан 3 шақырымдай жерде грейдер үстінде тұрған қызыл фураны байқайды.

Оның тізгінінде 52 жастағы алматылық болған. Ол Солтүстік Қазақстан облысының Тимирязев ауданына ауыл шаруашылығы өнімдерін алып қайту үшін бара жатыр екен. Ауданға апарар жолды білмегендіктен, жүргізуші навигатордың көмегіне жүгініпті. Көктемгі жылудың салдарынан езілген жол оны біраз титықтатқан. Полиция қызметкерлері Ұзынжар ауылындағы «Қазсушар» республикалық кәсіпорнының «Есіл су» филиалына жүгінді. Осыған дейін де көмектерін аямаған кәсіпорын басшылығы бұл жолы да техника бөлді. «К-700» тракторының көмегімен алматылықтың көлігі трассаға шығарылды.

Ал 7 сәуір күні кешкісін Солтүстік Қазақстан облысы арқылы Қостанай қаласына кетіп бара жатқан екі үлкен транзиттік жүк көлігі Жамбыл ауданы аумағында ақ түтек боранға тап болыпты.

Алай-дүлей соққан желдің екпіні бос келе жатқан фураларды жол үстінен ысырған. Мамлютка-Қостанай жолының 168 шақырымында бір фураның артқы бөлігі жол үстінен шығып кеткен. Көлік бірден тоқтап, орнынан қозғала алмай қалады.

Қолдарында тростары болмай қалған алматылықтар «102» арнасына хабарласыпты. Оқиға орнына полиция қызметкерлері Әміржан Тоққожин мен Ғабит Сәбит мінген патрульдік экипаж келген. Олар Пресноредуть ауылындағы шаруа қожалығының жетекшісі Максим Турновқа хабарласады. Түн ортасы жақын болса да шаруа қожалығының жетекішісі жол талғамайтын көлігін мініп, фураны асфальт үстіне сүйреп шығарды.

Тәртіп сақшылары ауа райын ескере отырып, алыс сапарға шыққан жүргізушілерді Қостанай облысының шекарасындағы блок-бекетке дейін жеткізіп салу туралы шешім қабылдайды. Жолшыбай олар қалың омбы қарға тап болады. Бұл кезде таңғы сағат төрттің кездері еді. 15 метрдей жерді күрекпен тазалау тағы бір сынақ болды. Таң ата келе жүргізушілер Қостанайға бет алды.

«Карантин кезінде трассаларда көлік саны азайды», – дейді СҚО ПД патрульдік полиция батальонының командирінің орынбасары Уәлихан Оразалин. – Петропавл қаласы мен аудан орталықтары жабық. Тек транзиттік көліктер мен халықтың қажеттілігі үшін азық-түлік, тауарлар тасымалдайтын автокөліктер өте алады. Сондай-ақ, елді мекендердің өмірі үшін маңызды объектілерде жұмыс істейтін азаматтарға рұқсат берілген. Десе де, патрульдік полиция қызметкерлері бұрынғыдай жол үстіндегі тәртіпті қамтамасыз етіп, жағдайды бақылайды. Төтенше жағдай кезінде облыс орталығы мен елді мекендерді азық-түлікпен қамтамасыз ететін жүргізушілерге жол үстінде көмек көрсету маңызды міндеттеріміздің бірі болып табылады».

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру