Шекарада тәуліктеп тұрып қалған Өзбекстан азаматтарына көмек көрсетілді
Түркістан облысының полицейлері өз еліне өту үшін шекарада тәуліктеп тұрып қалған Өзбекстан азаматтарына көмектесіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ойламаған жерден әлемге тараған індетке байланысты жан-жақта жұмыс істеп жүрген азаматтар өз елдеріне, үйлеріне қарай қайтты. Қазақстандағы шекаралық аймақтарда да өзге елдің азаматтары үйлеріне қайту мақсатында көптеп жиналды. Мысалы, Сарыағаш ауданы Жібек-жолы бекетінде карантинге байланысты басқа елдерде жұмыс жасайтын азаматтар Қазақстан арқылы Ташкентке өтуге 2-3 тәуліктеп кезекте тұр. Осындай қиын сәтте, өзбек азаматтарын далада қалдырмаған Сарыағаш аудандық полицейлері мен тұрғындары, өз еліне өте алмай бірнеше күн шекарада тұрып қалған 700-ге тарта Өзбекстан Республикасының азаматтарына қолдау көрсетті.
Оларды ыстық тамақ, уақытша жатар орындармен қамтамасыз етіп, барынша қолдан келген көмектерін берді. Өзбекстан азаматтары Қазақстандықтарға алғыстарын жаудырды.
“Ауа-райы да бұзылып, далада қалдық. Осы сәтте, бізге полицейлер көмектесіп, адамгершілік үлгісін көрсетіп жатыр. Қазақстанның қонақжайлылығына ризамыз. Ыстық тамақ пен паналайтын жер тауып берді. Елімізге тездетіп өтуге ықпал жасап жатыр. Ризамын. Көп рахмет”,- деп шынайы ықыластарын жеткізді.
Сарыағаш АПБ жергілікті полиция қызметі полицейлері, көші-қон қызметі бөлімшесінің инспекторлары осы аймақта қылмыстар мен әкімшілік құқықбұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында күні-түні қызмет атқарып келеді. Төтенше жағдай режимінің сақталуына жұмыс жасап жатыр.