Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тиісті құжатсыз мал тасымалы анықталды

Алматы облысында құжатсыз мал тасымалдаған 400-ден аса азамат жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz. 

Жыл басынан бері патрульдік полиция қызметкерлері тиісті құжаттарсыз мал тасымалдаудың 424 дерегін анықтады, олардың 261-і тексеру барысында өзінің меншік құқығын құжатпен растай алмады, оларға ҚР ӘҚБтК-ның 406-бабына сәйкес(ҚР-ның ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу) әкімшілік хаттама рәсімделді.

«Қабылданылған алдын алу шаралары мал ұрлығы деректерін 4,5% – ға қысқартуға мүмкіндік бергенін атап өткен жөн. Қылмыстың басым бөлігі тәулік ішінде «ізі суымай» ашылуда. Сонымен қатар, жазаның бұлтартпастығы қағидатына сәйкес, бұрын жасалған 70-ке жуық ұрлық ашылды. Мал ұрлығы үшін 112 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, 28 қылмыстық топ ұсталып, 506 мал басы иелеріне қайтарылды, оның 28-і жылқы, 75-і ірі қара мал, 403-і ұсақ мал»,-деп статистикалық деректерімен бөлісті Алматы облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Даурен Сакенов.

Ақпан айында ірі қара малды ұрлауға маманданған алты адамнан тұратын ірі қылмыстық топ әшкереленді. Олар жалпы саны 33 мал басын ұрлаған, олардың осыған ұқсас 15 қылмысқа қатыстылығы дәлелденді.

«Малды алып жүру үшін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 21 мамырдағы № 7-1/453 «Ветеринариялық құжаттарды беру қағидаларын және олардың бланкілеріне қойылатын талаптарды бекіту туралы» бұйрығындағы №7 қосымшаға сәйкес мал иелерінде өзімен бірге ветеринариялық анықтама (№1 нысан), мал паспорты, малдың сәйкестендіру нөмірі (сырға, чип және т. б.) болуы қажет»,-деп толықтырды Даурен Сакенов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру