Карантин: 250 адам тәртіп бұзды
Түркістан облысының полицейлері төтенше жағдай кезінде тәртіп бұзған 250-ден астам тұрғынды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысындағы бірқатар аудандарда карантин енгізілді. Оның ішінде Жетісай ауданы мен Кентау қаласында, ал 18 сәуір түн жарымнан бастап облысымыздың барлық аумағында карантин жүргізілуде. Сондай-ақ Түркістан облысы полиция департаментінің жеке құрамы елдегі төтенше жағдай басталғалы қызмет атқарудың күшейтілген нұсқасына көшкен болатын. Яғни, облыс бойынша 99 блок бекеттер қойылып, оның ішінде облыс орталығында және республикалық маңызы бар жолдарда екі блок бекеттер жұмыс жасауда. Тәртіп сақшылары қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және төтенше жағдай режимін бұзуға жол бермеу бойынша бақылауды тұрақты түрде жүргізуде.
Небары екі күннің ішінде Түркістан облысының полицейлері 33 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде 6 тәртіп бұзушы әкімшілік қамауға алынса, 15 адамға әкімшілік айыппұл салынып, 6-ына төтенше жағдайды бұзбау бойынша ескерту берілді. Қалған тәртіп бұзушыларға қатысты жиналған материалдар нақты шешім шығарылу үшін сотқа жолданды.
Мысалы, 18 сәуірде Түркістан қаласының көшелерінің бірінде тәртіп сақшылары төтенше жағдайға қарамастан жұмыс істеп тұрған моншаны анықтады. Сол күні Кентау қаласында полиция қызметкерлері карантин енгізілгеніне қарамастан, түнгі уақытта жұмыс істеп тұрған бильярд ойнату ғимараттарын анықтады. Мекеме иелеріне ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы «төтенше жағдай режимін бұзу» бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылды. Келесі күні полиция қызметкерлері қоғамдық орындарда маскасыз жүрген облыс орталығының тұрғынын көшеде тоқтатқан. Карантинді бұзушыны ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты. Ал Жетісай ауданында полиция бөлімінің қызметкерлері карантинге қарамастан, блок-посттан өтіп кетуге тырысқан автокөлікті тоқтатты. Жүргізуші, яғни жергілікті тұрғын төтенше жағдайды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.Аталған жайтқа байланысты жинақталған материалдар сотқа жіберілді.
Полиция қызметкерлері төтенше жағдай режимі енгізілгелі бері 253 құқық бұзушылықты, оның ішінде Түркістан қаласында 30-дан астам құқық бұзушылық жайтын анықтады. Яғни 87 азамат әкімшілік қамауға алынса, 4-іне ескерту жасалып, 51-і әкімшілік қамауға тартылды. Төтенше жағдай кезіндегі құқық бұзушылықтардың басым бөлігі дүкендердің, қоғамдық тамақтану және басқа да мекемелердің жұмыс тәртібін бұзуы, отбасылық мерекелерді ұйымдастыруы, маскүнемдік режимін және гигиена ережелерін сақтамауы болып табылады.
Сонымен қатар, екі күн ішінде Түркістан облысының аумағында 26 қылмыс тіркелді. Оның ішінде: бөтен біреудің мүлкін ұрлаудың 7, автокөлікті айдап кетудің 3, денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтірудің 2, есірткі сақтаудың 1, бұзақылықтың 1 және қорлау мен билік өкілінің денсаулығына келтірілген зиян бойынша 3 жайты анықталған. Сонымен қатар 1 жол-көлік оқиғасы орын алып, көлікті мас күйінде басқарудың 1 жайты тіркелді. Оған қоса табиғат қорғау полициясы балық ресурстарын заңсыз аулаудың 2 жайтын анықтады.
Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері карантин кезінде транзиттік көліктерді қоспағанда басқа да барлық көлік құралдарының кіруі мен шығуына тыйым салынғанын ескертеді. Сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге, құрылыс және егіс жұмыстарына жұмылдырылған автокөліктердің, сондай-ақ азық-түлікпен, дәрі-дәрмекпен, медициналық бұйымдармен және дезинфекциялық заттармен, медициналық көмекке мұқтаж адамдарды қоспағанда.
Ал қоғамдық орындардың, саябақтардың, балалар алаңдарының жұмыс істеуі, авто және темір жол вокзалдарының қозғалысы, қалааралық жолаушылар тасымалы және қоғамдық көлік қозғалысы тоқтатылады. Отбасылық жиындар мен салтанаттарды, бас қосуларды өткізуге тыйым салынады. Дүкендер сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін, қоғамдық тамақтану объектілерінің, тапсырыстарды шығару және жеткізу режимін қоспағанда, сағат 8:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс істеуі шектелген.
Облыс тұрғындары мен қонақтары үнемі бетперде киіп, 3 адамнан аспайтын топтармен қозғалуға міндетті. Кәмелетке толмағандардың ата-анасының қарауынсыз өз бетінше жүріп-тұруына да тыйым салынады. Азық-түлік пен дәрі-дәрмек сатып алуды және медициналық көмекке жүгінуді қоспағанда, қала мен елді мекен бойынша жүріп-тұру шектеледі. 65 жастан асқан азаматтар өзін-өзі оқшаулауы қажет.
Сондай-ақ тәртіп сақшылары облыс тұрғындары мен қонақтарын шектеу шараларына түсіністікпен қарауға және төтенше жағдай кезінде карантин талаптарын қатаң сақтауға, аса қажеттілік туындамаса үйден шықпауға шақырады.