Полицейлер карантин кезінде ІІО ардагерлеріне барды
Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері карантин кезінде ІІО ардагерлеріне барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ведомство ардагерлеріне қамқорлық көрсету – ішкі істер органдарында қалыптасқан игі дәстүрлердің бірі. СҚО Полиция департаментінде өз өмірлерін қылмыспен күреске арнаған жандарды ұмытпайды. Бүгінгі күні жалғыз тұрып жатқан милиция және полиция ардагерлері – ерекше назарда тұр. Оларға жоспардан тыс бару ұйымдастырылды.
Зейнеткерлерге азық-түлікпен бірге тұрмысқа қажетті заттар, сонымен қатар медициналық маскалар, қолғаптар мен антисептиктер жеткізілді.
Қажетті қауіпсіздік шараларын ескеріп, СҚО ПД Тергеу басқармасының және Кадр саясаты басқармасының басшылары мен қызметкерлері отставкадағы милиция подполковнигі Нина Мицукованың үйіне жол тартты. Ол 68 жаста, органда 1981 жылдан, негізінен кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспектор болып қызмет атқарды. Еңбек жолында – «ҚазССР ІІМ Құрмет грамотасымен» марапатталды, «ҚазССР милиция үздігі», еңбек ардагері атақтарына ие болды. Екі рет кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі үздік инспектор болып танылды. 1997 жылы отставкаға шыққанша дейін Мемлекеттік тергеу комитетінде де жұмыс істеп үлгерді.
«Нина Романовна зейнеткерлік демалыста болса да өз ведомствосымен байланысын үзбеген, барлық жаңалықтардан хабардар, – дейді СҚО ПД Тергеу басқармасының басшысы Қайрат Қасымбеков. Ол «Одноклассники» әлеуметтік желісіндегі облыстық полиция аккаунтының белсенді оқырманы, іс-шараларға үнемі қатысып тұрады. Оның сарқылмас күш-жігері жас қызметкерлерге жарқын үлгі».
65 жастағы милиция майоры Сәкен Бакетов өмірінің 27 жылын қызметке арнаған. Алғашында учаскелік инспектор, анықтаушы болып істеді. Бірақ оның жұмысының негізгі желісі СМҚКБ, кейін экономикалық қылмысқа қарсы күрес бөлімі және Мемлекеттік тергеу комитеті болды. Оған Петропавл қ. Полиция бөлімі басшысының орынбасары Сағындық Темиреев пен қалалық криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері келді. Сәкен Қошанұлының қонақтарға қуанғаны анық. Карантиндік шектеулер уақытында жасына қарай тысқа шыға алмай отырған зейнеткер сақшылардың жиналып жатқандарын естіп, сүйікті сусыны – қымыз ала келулерін өтінген.
«Қазір менің балаларым алыста – Алматыда, Уфада, жиі келе алмайды, дейді ол. – Полиция ведомствосының өз ардагерлеріне мерекелерде ғана емес, басқа да кездерде қолдау көрсететіндері қуантады. Мысалы, қысқы бораннан кейін, қызметкерлер бос уақыттарында келіп, ауланы қардан тазартқаны мен үшін тосын жағдай болды. Полиция департаменті басшылығына және Ардагерлер кеңесіне алғыс білдіремін. Қиын кезде әріптестерімнің қолғабыс жасауы мені ерекше қуантады».
Полицейлер жалғыз тұрып жатқан бес ардагердің үйінде болды.