Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Табандылар ғана тергеу саласында тер төге алады

Жас та болса қарқыны мықты, адымы алшаң, ұстамы жақсы деп дәл осындай қызметкерлер жайында айтылса керек. Өткен жылы ғана тергеу бөлімшесінің табалдырығын аттап, 18 істі сотқа жолдап, оның ішінде 10 ісі ауыр дәрежелі қылмыс болса, осы жылдың басынан бері сегіз қылмыстық істі, оның жетеуі ауыр дәрежелі қылмыстық істі сотқа жолдап үлгерген. Кез келген істе табандылық танытып, істің ағы мен қарасын ажырату тергеушінің басты мақсаты.

Полиция лейтенанты Дінислам Төлебаев Қазақстан Республикасы ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының түлегі. Жастайынан полиция қызметкері болуды, тәртіп пен қауіпсіздіктің алдыңғы шебінен табылуды армандаған Дінислам бүгінгі күні Қарағанды қаласының ПБ Оңтүстік-шығыс полиция бөлімінің тергеу бөлімшесінің тергеушісі.


Ол тонау, қарақшылық шабуылдары, алаяқтық қылмыстарын тергеп жүріп өзіне айтарлықтай мол тәжірибе жинақтап жатқанын жасырмайды.

«Оқу орнында алған білім адамзат үшін өмірлік азық, әрине, теориялық білім ол – негіз болса, оны практикада дұрыс ұштастыра біліп, дұрыс пайдалану ол – өнер. Ұстазы жақсының ұстамы жақсы деген сөз бар. Менің ұстаздарыма алғысым шексіз. Бүгінгі күні қызмет бабымдағы аз да болса сәттіліктерімді солардың ерен еңбектерінің жемісі деп білемін».

«Қазіргі уақытта ауыр дәрежелі алаяқтық қылмысын сотқа жолдау үстіндемін. Аллаға құлшылық жасап, бес уақыт намазын оқып жүрген адамның арам пиғылы болатынын кім ойлаған?! 34 жастағы Ақмола облысының азаматы әлеуметтік желілер арқылы хабарландыру таратып, өзінің үй жиһаздарын жасайтынын айтып адамдарды сендірген. Алдын ала төлемдерін алғаннан соң, ізім-ғайым жоқ болып отырған. Сөйтіп, сегіз адамға 4 млн. жуық материалдық шығын келтірген. ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабы 3-бөлігі 4-тармағы (бірнеше рет жасалған алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізіліп, үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы күтіледі.Сондықтан адамдарды өте сақ болуға, әсіресе алдын ала төлем жасардың алдында алаяқпен емес, шынайы кәсіпкермен жұмыс істеп жатқаныңызға әбден көзіңізді жеткізіп барып төлем жасауға кеңес беремін», – деді тәртіп сақшысы өз сөзінде.

Ерте ме, кеш пе барлық әрекеттер әшкере болатыны аян. Дегенмен сақтық артық етпейді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру