Сора егумен айналысқан күдікті ұсталды
Түркістан облысының полицейлері сора егумен айналысқан кезекті күдіктіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ордабасы аудандық полиция бөлімшесіне аудан тұрғыны құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді өсірумен айналысатыны туралы ақпарат келіп түсті. Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында Ордабасы аудандық полиция бөлімшесінің полиция қызметкерлері қарасора егумен айналысатын күдіктіні құрықтады.
Жедел уәкілдер, күдіктінің Шұбарсу кентіндегі үйінің ауласын тінту кезінде өзіне тән айрықша иісі бар, есірткі затына ұқсас 20-дан астам түп өсімдікті тауып, тәркіледі. Сараптамаға сәйкес, айғақты зат ретінде алынған 21 түп өсімдік, құрамында есірткі заты бар «сора» өсімдігі болып шықты.
Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабы (құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру) бойынша тіркелді. Күдікті қолхатпен босатылды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полиция қызметкерлері болған оқиғаның толық мән-жайын және күдіктінің тыйым салынған құрамында есірткі бар өсімдікті қандай мақсатта өсіргенін анықтап жатыр.
Жыл басынан бері Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері қалалық және аудандық полиция бөлімшелерімен бірлесіп, есірткіге байланысты 150-ден астам құқық бұзушылықты анықтады, оның ішінде 60-тан астам есірткі қылмысы, 90 теріс қылық және тоғыз әкімшілік құқық бұзушылық. Қылмыстық жауапкершілікке 30-дан астам адам тартылды, оның алтауы есірткі өсімдіктерін заңсыз еккен. Заңсыз айналымнан 20 кг астам есірткі және 6 мыңға жуық құрамында есірткі заты бар өсімдіктер алынды.
Жастар арасында есірткі қылмыстарының алдын алу мақсатында Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері оқу орындарының студенттері мен оқушыларының қатысуымен 20-дан астам профилактикалық іс-шаралар мен түсіндіру жұмыстарын өткізген.