ІІМ басшысы қызметке енді келген жас полицейлерге қызметтік куәліктерін табыс етті
ҚР Мемлекеттік рәміздері күні Ішкі істер министрі жаңадан жұмысқа кіріскен полицейлерге қызметтік куәліктерін табыс етті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Куәліктерді табыстау рәсімі еліміздің ішкі істер органдарының қалыптасу және даму тарихынан сыр шертетін ІІМ-нің мұражайында өтті.
ІІМ басшысы бұл сәттің маңыздылығын айтып, әрбір азамат мемлекеттік Әнұранды, Елтаңба мен Туды құрметтеуге тиіс екенін атап өтті.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев полицияның алдына нақты міндеттер қойды. Ол – қоғамдық қауіпсіздікті сақтау және қиын жағдайларда азаматтарға көмек көрсету. Полиция жұмысына халықтың өзі баға береді. Сондықтан мен сіздерге өз істеріңіздің нағыз маманы болып, әрдайым халық мүддесін жоғары қойыңдар демекпін. Сіздердің барлықтарыңызға амандық және жұмыста табыс тілеймін!, – деді министр Ерлан Тұрғымбаев.
Жас офицерлер арнайы мақсаттағы жасақта, патрульдік және ювеналдық полиция бөліністерінде жұмыс істейтін болады. Олар ІІМ мұражайында ішкі істер органдарының тарихымен танысып, өз халқының игілігі үшін адал қызмет етуге ант етті.
Жалпы жыл басынан бері ішкі істер органдарының 1724 қызметкеріне «полиция лейтенанты» арнайы атағы берілген.