Алматы облысында итті тірідей өртеген балалар ұсталды
Әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен итті тірідей өртеп жатқан бейнежазба бойынша жедел-іздестіру шаралары ұйымдастырылып, күдіктілер ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Естеріңізге сала кетейік, жаға ұстатар қылмыс Алматы облысы Алакөл ауданының Қабанбай ауылында орын алған.
– Осы қылмысты жасады деген күдікке ілінген аталған елді-мекеннің кәмілетке толмаған екі жасөспірімі ұсталды. Олар 2004 жылы туған Ш. және 2005 жылы туған Д. есімді балалар. Олар шұғыл ұйымдастырылған тергеу жұмыстарының алғашқы сағаттарында-ақ анықталды. Жасөспірімдер өздерінің жантүршігерлік әрекеттегі кінәларын толығымен мойындап, ауыр қылмысты қызық үшін жасағандарын жеткізді. Бұл – қылмыстық жауапкершілік көзделетін қаскөйлік жағдай, – деді Алматы облысы Алакөл ауданы Полиция бөлімінің бастығы Қуат Оспанов.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 316-бабының 2-тармағымен көзделген қылмыс бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.