ІІМ заңсыз митинг өткізуге талпынғандардың әрекетіне баға берді
ҚР ІІМ 6 маусымда рұқсат етілмеген митингілерді өткізуге әрекет жасағандар туралы түсініктеме берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елімізде карантиндік іс-шаралардың жалғасуына және коронавирустың таралу қаупіне байланысты республиканың Бас санитарлық дәрігерінің шешімімен митингілерді, шерулерді және демонстрацияларды қоса алғанда, барлық мүмкін болатын көпшілік іс-шараларды өткізуге тыйым салынды.
ҚР Бас прокуратурасы да «Бейбіт жиналыстар туралы» Заң талаптарын, сондай-ақ карантиндік шараларды мүлтіксіз сақтау қажеттігі туралы азаматтарға ескертті. Сондай-ақ оларды арандатушылықтарға бой алдырмауға және заңсыз наразылық акцияларына қатыспауға шақырды.
Карантин режимін қатаң сақтау қажеттігі туралы ескертулерге қарамастан, Қазақстанның кейбір қалаларында 2020 жылғы 6 маусымда жекелеген азаматтар заңсыз митингілер өткізуге әрекет жасады.
Прокуратура және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жиналғандарға олардың іс-әрекеттері заңсыз болып табылатынын түсіндірді. Алайда, бірқатар тұрғындар заңды талаптарға бағынбады.
Сондықтан Ішкі істер органдары қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қабылдады. Карантиндік шектеулер мен заң талаптарын бұзғандар іс-әрекеттерін тоқтатудан бас тартты. Сол себепті олармен профилактикалық жұмыс жүргізу және іс-әрекеттеріне құқықтық баға беру үшін бірнеше адам полицияға жеткізілді.
Жалпы, полицияға 53 адам жеткізілсе, оның сегізі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, олардың жетеуіне айыппұл салынды, бір адамға ескерту жасалды. Билік өкіліне қарсы күш қолданып, тіл тигізген екі тәртіп бұзушыға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Қалған адамдар профилактикалық әңгімелесуден кейін үйлеріне жіберілді.