Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бөтеннің үйіне ұрлыққа түскен ер адамдар ұсталды

Петропавл полицейлері жеке үйде болған ұрлықты тәулік ішінде ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

СҚО ПД бастығы Марат Төлебаевтың атына Петропавл қ. Копай көшесі бойындағы жеке үйдің тұрғыны алғыс хат жолдаған. 4 маусым кешкісін үйіне қайтқан ол, үйіне заңсыз енудің іздерін байқайды.

– Терезелері сынған, екі есік бұзылған. Үйге кірген соң ақша мен «Acer» ноутбугінің жоғалғанын анықтадым, – деп жазған жәбірленуші.

 Келтірілген шығын сомасы 170 мың теңгені құрады. Үй иесі дереу «102» арнасына хабарласқан. Петропавл қ. ПБ Бірінші полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің қызметкерлері күдіктілерді «ізін суытпай» ұстады. Олар 1992 және 1999 жылдары туған екі қала тұрғыны болып шықты. Үлкенінің өтелген соттылығы бар.

Ұсталғандардың айтуынша, бөтеннің үйіне түсу ойы кенеттен пайда болған. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-б. «Ұрлық» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдіктілер ешқайда шықпау туралы қолхатпен босатылды. Ноутбук пен ақшаның бір бөлігі иесіне қайтарылды.

– Жігіттер келесі күні – ақ барлығын тауып берді, – деп хабарлайды, тәртіп сақшыларының жылдам әрекетіне таң қалған жәбірленуші. – Бізде жақсы полиция қызметкерлерінің болғаны игі, криминалдық полиция командирлері мен қызметкерлеріне және тергеушілерге алғыс білдіремін.

СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаровтың айтуынша, күдіктілерді жедел анықтауға кәсіпкерлер мен аудан тұрғындарының жеке қаражатына орнатылған бейнебақылау камераларының көмегі тиді.

– Дүкендер мен жеке меншік үйлердің иелері орнатқан бейнекамералар олардың меншіктерін қылмыстық қолсұғушылықтан қорғап қана қоймай, басқа да қылмыстарды ашуға септігін тигізеді, – деді Руслан Назаров. – Жеке меншік үйлердің тұрғындары үйлерін техникалық нығайтуды ойлағаны жөн, бұл қаскөйлерді үйге заңсыз еніп, ұрлық жасаудағы райынан қайтарады. Тұрғын жайға заңсыз енумен жасалған ұрлық ауыр санатқа жатады, оларды ашу облыстық полиция басшылығының ерекше бақылауында.

Биыл жылдың басынан Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген 303 пәтер ұрлығының 86,9 % ашылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру