Судағы қауіпсіздікті сақтау басты назарда тұр
Атырау қаласында судағы қауіпсіздікті ескерту бағытында рейд өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басталғалы Атырау қаласының аумағында су айдындарында 11 адам қаза болды. Қаза болғандардың төртеуі балалар. Зардап шеккен екі адам құтқарылды. Өкінішке орай, балалардың қазасының себептері әдеттегідей – балаларды қадағаламау.
Шуақты, жылы ауа райы үлкендерді де, балаларды да суға қарай еліктіреді. Демалысыңызды ұйымдастыра отырып, қауіпсіздік ережелерін сақтауды ұмытпаған жөн. ТЖ қызметкерлері күн сайын Жайық жағалауында профилактикалық рейд өткізеді, бірақ шұғыл жағдайға әсер ететін басты фактор – адамдардың өз күшін жоғары бағалауы және судың қауіптілігін ескермеуі.
Жаздың үш айына созылатын суға шомылу маусымы кезінде адамдардың су айдындарында демалулары кезінде оқыс жағдайлардың қаупі артады. Сондықтан су айдындарында адамдардың зардап шегуінің және қаза болуының алдын алу мақсатында 2020 жылғы 16 маусым күні Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаменті мен Атырау қаласының ТЖБ қызметкерлері, жедел құтқару жасағымен және Атырау қалалық полиция басқармасымен бірлесіп рейд ұйымдастырды.
Жайық өзенінің жағасында демалушылар мен суға түсуші тұрғындармен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, олардың бейқамдығының салдары неге әкеп соғатынын түсіндірді.
Пайдалануға тапсырылмаған жағажайларда шомылмаған жөн, себебі тексерілмеген жағажайлардың қауіптілігі де жоғары. Құтқару бекетінің, белгілердің болмауы, су түбінің тазартылмауы, жағажай жағалау аймағына жиналған қоқыс – бұлардың барлығы сіздің көңіл-күйіңізді түсіріп қана қоймай, қайғылы жағдайларға да әкелуі мүмкін.
Сондықтан, су жағалауларына демалысқа шықпас бұрын су айдындарында орын алатын адам қазасының негізгі себептері – жабдықталмаған орындарда және ішімдік пайдаланған күйде суға шомылу екенін ұмытпаған жөн. Ал, ата-аналар балаларын мұқият қадағалаулары тиіс.
Атырау қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы тұрғындарды суға шомылу маусымы кезінде аса сақтық танытуға шақырады.
Рейдтер мен кезекшілік жұмыстары жүйелі түрде жүргізілетін болады.