Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Он саусағынан өнер тамған ҚАЖ қызметкері

18 маусым – ақ халатты абзал жандар мерекесі. Polisia.kz редакциясы дәрігерлер қакымын шын жүректен мерекемен құттықтайды.

Жас та болса, алғыр, сауатты, өз саласының нағыз майталманы ҚАЖ департаменті сотталғандарды медициналық қамтамасыз ету тобының аға маман санитар-дәрігері Меруерт Шаймбетова. Ол қарапайым отбасында дүниеге келген. Анасы  – Қызылорда облыстық балалар ауруханасында медбике. Ал әкесі жылу электр орталығында инженер болып қызмет атқарған. Отбасынан алған тәлім-тәрбиені бойына сіңіріп өскен Меруерттің арманы дәрігер болу еді. Ол мектепті тәмамдаған соң, Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетіне оқуға түседі. Университет қабырғасында оқып жүріп, «Тігіп үйрену» курсына барып, тігіншіліктің қыр-сырын меңгереді. Оның тігіншілікті сүйікті ісіне айналдыруына себепкер болған нағашы жеңгесі екен. Қолы қалт етсе, тігін машинасына отырып,  киім үлгілерін тігіп, ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен көмкерілген дүниелерді жасағанды ұнатады. Қолынан шыққан дүниелерін туған-туыстарына сыйға таратады.

– Өзім де әріптесімнің бірнеше тамаша туындысын көріп қайттым. Бірі оюмен өрнектелсе, екіншісі әсем тастармен көмкерілген. Қолөнермен айналысу  адамның ойын тереңдетеді, шығармашылық қабілетті дамытады. Бұл өнердің де өз қиындығы бар. Қолөнер – менің бала күнімнен сүйікті хоббиіме айналды, – деді кейіпкер.  

Дәрігер мамандығын алған Мерует Жұмахметқызы еңбек жолын  Қызылорда қаласындағы ҚАЖ департаментіне қарасты ЗК-169/1 мекемесінде медицина бөлімінің бастығы қызметінен бастаған. Қазіргі таңда  ҚАЖ департаменті сотталғандарды медициналық қамтамасыз ету тобының аға маман санитар дәрігері, әділет аға лейтенанты.

Жүрек қалауыммен таңдаған мамандығыма еш өкінбеймін, қылмыстық-атқару жүйесінде дәрігер болу шыдамдылық пен төзімділікті талап етеді. Себебі, біз арнайы контигенттермен жұмыс жасаймыз. Олардың арасында мінездері ауыр сотталғандар келіп, дөрекі сөйлеп жатса да, еш ашуланбай сабырмен  қабылдап, ем тағайындаймыз. Барлық адам өз қалауындай өмір сүргісі келеді. Дегенмен, абайсызда немесе өмір жолында шалыс басып қылмыс жасағандар да қоғамнан шеттетілмейді, керісінше әлеуметтік-психологиялық  және медициналық көмек көрсетіліп, қоғамға қайта бейімделеді, – деді дәрігер маман.  

Жас та болса өз мамандығының хас шебері  Меруертті кәсіби мерекесімен құттықтап, биіктен көрініуін тілейміз!  

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру