Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Биылғы «Жолда қабылдау» акциясы ерекше ұйымдастырылды

Ай сайын өткізілетін «Жолда қабылдау» акциясы жүргізушілерге жол қауіпсіздігін және ережелерді сақтауды түсіндіру жұмыстарымен ғана емес, дәмді қазақы дастарқанмен және рухани мұраларымызды ұлықтау мақсатында көрсетілген мұражай жұмыстарымен және видеофильм көрсетумен ерекшеленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Әйтеке би ауданы Қарабұтақ ауылына қарасты «Самара-Шымкент» тасжолының 971 шақырымында «Жолда қабылдау» акциясы өткізілді.

Бұл акция мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын-алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтық сауатын ашу, жолдағы жолаушылардың көлік жүргізудегі жауапкершіліктерін арттыру және көлік тізгіндеуде сақтық шараларын бұлжытпай орындау.

– Аталған шара үш күн жалғасады. Қазіргі кезде Әйтеке би ауданына қарасты «Самара-Шымкент» тасжолында жыл басынан бері тоғыз жол-көлік оқиғасы орын алды. 16 жол қозғалыс қатысушылары дене жарақаттарымен ауруханаларға жеткізілген. Осы жолда Ресей елінен Қостанай облысына қарай жолда төрт жолаушы өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасы тіркелді. Акция бес рет өткізіліп, 200-ге жуық көлік жүргізушілеріне ескертпе буклеттері таратылды. Жол-көлік оқиғаларының саны өткен жылдың алты ай қорытындысы мен 2020 жылдың алты ай қорытындысын салыстырғанда төмендеп отыр, – дейді Әйтеке би ауданы ПБ бастығының орынбасары Мадияр Әкентай.

Карантин шараларына байланысты, барлық санитарлық-тазалық нормаларын сақтай отырып өткізілген акция барысында осы жол бойында жол-көлік оқиғасынан қаза болған жолаушыларға құран бағышталып, Әйтеке би аудандық мұражайының сыр шертетін тарихи құндылықтарымен таныстыру ұйымдастырылып, жол қозғалысы туралы видеофильм көрсетіліп, жайылған ақ дастарқаннан дәм татылды.

Қазіргі сәтте осы жол бойындағы апаттардың санын азайту үшін жүргізушілерге ескертпе жұмыстары мен жаднамалар таратылды, қазақы киіз үй тігіліп, ауқаттанып алуға қымыз, бауырсақтар қойылған ақ дастарқаннан дәм татады. Әйтеке би ауданынан шыққан би-шешендерімізді, ірі тұлғаларды насихаттау мақсатында және құнды жәдігерлерімізді ұлықтау үшін жолаушыларға арналған 1993 жылы ашылған өлкетану мұражайы көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, жол қозғалыс қатысушыларының денсаулығын тексеріп, медбике санитарлық тазалықты сақтау ережелерімен таныстырылды және медициналық маска таратылды, – деп қоса кетті Қарабұтақ ауылдық округінің әкімі Кеншілік Байдрахманов.

Көлік жүргізушілері өткізіліп жатқан акцияның ерекшелігіне таң қалып, жылы лебіздерін білдірді.

10 жылдан аса уақыт көлік айдаған Давыденко Алексей өз танданысымен бөлісті.

Өзім темір-терсектен бастап азық-түлік тауарларына дейін тасымалдаймын. Қазіргі кезде Беларусь еліне қарай жол тарттым. Біріншіден, демалып алуға жағдай жасалған, екіншіден, ұлттық тағамдардан дәм таттық. Өте қызық. Мен мұндай акцияны бірінші рет көрдім. Маған ұнады.

​- Ең бірінші адамға өз өмірі қымбат. Сондықтан аталмыш акциялардың өткізуі орынды. Бұл шараның пайда әкелеріне сенемін. Автокөлік жүргізушілеріне жол жүру кезінде демалып алу қажеттігі туралы, жолдағы апаттық жерлерден сақтануды ескертіп айтып жатыр, – деп Ырғыз ауданына Ақтөбеге қарай аттанған тағы бір жолаушымыз Қаржауов Жеңісбек.

Шара соңында ауылдық округтің ақыны ұлттық аспабымыз домбырамен күмбірлеген күй тартып, жолаушыларды шығарып салды. Сонымен, бұл акция әрі қарай да жалғасын таппақ. Жолға шыққан жолаушылардың әрдайым жолдары болсын.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру