Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысында 102 армениялық көлік тіркеуден өтті

Армения елінен әкелінген жүзден астам автокөлік Алматы облысында уақытша тіркеуге қойылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес қабылданған Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы еліміздің аумағына Армения Республикасынан әкелінген автокөліктерді тіркеуге алу тәртібін анықтады. Аталған қаулыға сәйкес шетелдік тіркеудегі, нақты айтқанда, Армения елінде тіркеуде тұрған көліктердің иелері арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, елімізде қайта тіркеуге қою қажеттілігі айтылды.

– Армениялық көліктерді елімізде міндетті тіркеу қажет екені түсіндірілді. Осы уақытқа дейін Алматы облысында 102 көлік тіркеуден өтті. Шетелдік тіркеудегі көлік иелері темір тұлпарларын Қазақстанда тіркеуден өткізудің артықшылықтарын жете түсінуі тиіс. Өйткені, тіркеуден өткен көлікті елімізде еш кедергісіз пайдалануға болады, – Алматы облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұржан Таңатаров.

Ведомство өкілінің айтуынша, көлікті уақытша тіркеуден өткізуге шамамен 12 мың теңге төлем жасалады. Армения елінен әкелінген көліктерді тіркеу биылғы жылдың қыркүйек айына дейін жалғасады.

– Армениялық көлік иесі атанған Алматы облысының барлық тұрғындарын осы мүмкіндікті пайдаланып, елімізде тіркеуден өткізуге шақырамын. Көлікті тіркеуге қатысты кез келген сұрақтарыңыз болса, Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының қызметіне жүгінулеріңізге болады, – деді Нұржан Таңатаров.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру