Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жанармай бекетінде жалған тонау болды

Түркістан облысының полицейлері ойдан шығарылған, жалған тонау қылмысын «ізін суытпай» ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Таңғы сағат 6.30 шамасында Кентау қаласының полиция бөліміне жанармай құю бекеттерінің бірінде тонау болғаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына бірден Кентау ҚПБ жедел-тергеу тобының қызметкерлері жетті. Жанармай құю бекетінің қызметкерінің айтуынша, белгісіз ер адам оны ұрып-соғып, күш көрсетіп қорқытып, 170 мыңнан астам теңгесін тартып алған. Бұл жайт ҚР ҚК 191-бабы «Тонау» бойынша СДТТБТ-да тіркелді.

Тәртіп сақшылары тонау қылмысын ашу мақсатында кешенді жедел-іздестіру іс-шараларын өткізді. Оның ішінде бейнебақылау камералары мен қылмыстың орнын мұқият тексеріп, куәгерлерден жауап алынды. Тергеу барысы және күдіктілерді іздестіру нәтижесінде жедел уәкілдер, бір тәулік ішінде тонаудың жалған болғанын анықтады.

Көп ұзамай полицейлер қылмыс туралы жалған ақпарат бергенін мойындаған жәбірленушіні ұстады. Белгілі болғандай, жігіт ақшаны өзі иемдену үшін тонау болды деп айтып, автокөлігінің жүк салғышына ақшаны жасырып қойған.

Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша ҚР ҚК 419-бабы «Көрінеу жалған сөз жеткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Табылған ақша айғақты зат ретінде алынды. Күдіктінің бас шарасы қолхатпен босатылды. Полиция қызметкерлері орын алған оқиғаның толық мән-жайын анықтап жатыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру