Ұрлыққа қарсы күрес: Түркістан облысындағы оң өзгерістер
Елімізде заң бұзушылықтың алдын алуға ерекше көңіл бөлінеді. Әсіресе тұрмыстық қылмыстар мен жеке мүлікті қорғау мәселесі басты назарда. Осы бағытта жүргізілген жүйелі жұмыстар нәтижесінде Түркістан облысында ұрлық қылмыстарының көрсеткіші төмендеген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Абдурахманов мәлімдеді.

Оның айтуынша, өңірде соңғы 3 жылда ұрлық көрсеткіші 55% төмендеген. Мәселен, 2023 жылы 920 дерек тіркелсе, 2024 жылы 564-ке, 2025 жылы 413-ке дейін азайған. Биыл тіркелген 119 деректің 109-ы ашылған.
Өңірде аталған қылмыстың ашылу деңгейі де жақсарған. 2023 жылы 65,3% болса, 2024 жылы 80,3%, ал өткен жылы 85,4% болған. Бұл ұрлық қылмыстарын ашу бағытындағы жедел-іздестіру және профилактикалық жұмыстардың нәтижесін көрсетеді.

Қазіргі таңда Түркістан облысында пәтер ұрлығы, мал ұрлығы, дүкендерден азық-түлік ұрлау және интернет арқылы жасалатын құқық бұзушылықтар әлі де өзекті болып отыр. Мұндай қылмыстардың тіркелуіне көбіне қаржылық қиындықтар, әлеуметтік ортаның ықпалы, сондай-ақ аяқ астынан туындайтын жағдайлар әсер етеді. Әлеуметтік желілердегі өмір көріністері де кейбір азаматтарды тез табыс табуға итермелеуі мүмкін.
– Ұрлықтың алдын алу мақсатында облыс аумағында кешенді іс-шаралар жүргізілуде. Атап айтқанда, полиция қызметкерлері қала көшелерінде тұрғындармен және оқу орындарында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Мобильді топтар құрылып, түнгі рейдтер ұйымдастырылады. Тәуекел тобындағы азаматтармен жеке профилактикалық жұмыстар өткізіледі, – деді Марат Абдурахманов
Спикердің сөзінше, тәжірибе көрсеткендей, ұрлық деректері көбіне қорғанысы әлсіз, бақылаусыз қалған және құнды заттары көзге көрінетін орындарда тіркеледі. Олардың қатарында тұрғын үйлер, автокөліктер және қоғамдық орындар бар.
– Бейнебақылау камералары құқық бұзушылықтың алдын алуда маңызды рөл атқарады. Олар қылмыс жасау ықтималдығын төмендетіп, оқиға болған жағдайда күдіктілерді анықтауға көмектеседі. Дегенмен тиімділік жүйелердің сапалы орнатылуына байланысты. Сондықтан бейнебақылаумен қатар дабыл жүйелері, күзет қызметі және аумақты жарықтандыруды бірге қолдану маңызды, – деп толықтырды М.Абдурахманов.

Полиция қызметкерлері тұрғындарға мүлікті қорғау үшін бірнеше сақтық шарасын қатар қолдануды ұсынады. Атап айтқанда, берік есік пен сапалы құлып орнату, терезелерді бекіту, ауланы жарықтандыру, көршілермен байланыс орнату, бейнебақылау және дабыл жүйелерін пайдалану қажет. Сонымен қатар ірі көлемдегі ақша мен бағалы заттарды банк депозиттерінде сақтау ұсынылады.
Жалпы, ұрлық қылмыстарының көрсеткіші төмендегенімен, оның алдын алу бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасуда. Қауіпсіздік шараларын сақтау, күдікті жағдайлар туралы дер кезінде хабарлау және бірлескен жауапкершілік құқық бұзушылықтың азаюына ықпал етеді.
Авторы: Аружан АРДАҚҚЫЗЫ
