Павлодар облысында отбасылық жанжалдың алдын алу шаралары күшейтілді
Павлодар облысында отбасылық жанжалдың алдын алу шаралары күшейтілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жедел-профилактикалық іс-шараның қорытындысы шығарылды.
Полиция мәліметінше, небәрі төрт күн ішінде өңір бойынша есепте тұрған 1494 адам тұрғылықты мекенжайы бойынша тексерілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 185 қорғаныс нұсқамасы шығарылып, сот арқылы құқық бұзушылардың мінез-құлқына қатысты 79 ерекше талап белгіленді. Олардың қатарында алкогольдік ішімдіктерді тұтынуға тыйым салу шаралары да қарастырылған. Әртүрлі құқық бұзушылықтар үшін 890-нан астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
— Жүргізілген іс-шаралар барысында құқық бұзушылықтардың алдын алу мен олардың жолын кесу бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілді, - деді Павлодар облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаев.
Мәселен, Павлодар қаласында рейд кезінде 48 жастағы ер адамның алкогольдік мас күйінде болып, бұрын сотпен белгіленген ерекше талаптарды бұзғаны анықталды. Аталған дерек бойынша сот шешімін орындамағаны үшін әкімшілік материал рәсімделіп, іс процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Тағы бір жағдайда ер адам жұбайымен жанжал шығарып, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқыққа қайшы әрекеттер жасағаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар қиын өмірлік жағдайға тап болған 27 отбасыға әлеуметтік және құқықтық көмек ұйымдастырылды.
Полиция қызметкерлері тұрғындарды қауіпсіздік мәселелеріне бейжай қарамауға және кез келген күмәнді жағдайларда дер кезінде құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырады.
