Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Суға батып бара жатқан жасөспірімді ерікті құтқарып алды

Түркістан облысының тұрғындары суға кеткен баланы құтқарған еріктілер мен полицейлерге алғыс айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Келес АПБ-не Абай ауылы жанынан ағып өтетін Келес өзенінде шомылып жүрген бала ағып бара жатқаны жөнінде хабарлама түскен. Ақпарат алысымен тез арада Келес АПБ-нің жедел-тергеу тобы оқиға орнына шықты.

Полицейлердің анықтауынша, күндізгі сағат 11:30 шамасында Келес өзенінде  шомылып жүрген 10 жастағы жасөспірім абайсызда судың терең жағына барып қалып, өзеннің ағысы алып кетеді.

Сол уақытта өзен жағасында жүрген  Келес АПБ-нің қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге белсене қатысып жүрген ерікті Еркеғали Ташанов баланы көріп қалып, шұғыл әрекетке көшеді.

Көз алдында өзенге батып бара жатқан баланы қалайда аман алып қалу ниетімен суға тез сүңгіп, дем жетпей, су түбіне кетіп бара жатқан  жасөспірімді дер кезінде құтқарып қалады. Осылайша ерікті ерлік көрсетіп, баланың өмірін сақтап қалды. Жасөспірімге алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, Келес аудандық ауруханасына жеткізілген. Қазіргі таңда оның денсаулығы жақсы, үйіне шығарылған.

Балаға қайта өмір сыйлаған ерікті Еркеғали мен Келес АПБ қызметкерлеріне жасөспірімнің туған-туыстары шынайы алғыстарын айтып,  ризашылықтарын жеткізді. Жұмыстарына табыс, қоғамдық тыныштықты сақтауда атқарып жатқан қызметтеріне абырой тіледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру