Отарлық жігіт жүк пойызымен үйіне дейін жетпек болған
Көлік полицейлері жүк поездымен үйіне дейін жетпек болған 21 жастағы жігітті әкімшілік жауапкершілікке тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– 21 шілдеде Шамалған станциясындағы Желілік полиция бөлімшесіне электровоз машинисінен жүк поезы вагондарының бірінде фитинг платформасында бөгде адамның отырғандығы туралы хабарлама келіп түсті, – дейді Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қалижан Қобландин. – Шамалған станциясы бойынша кезекшісінің нұсқауымен құрам тоқтатылды. Құқықбұзушы қашып кетпекші болғанымен, көлік полицейлерінен қашып құтыла алмады.
Тексеру барысында тәртіп сақшылары Жамбыл облысының 21 жастағы тұрғынын анықтады. Ол Отар станциясына үйіне дейін жүк пойызымен жетіп алмақ болған.
Оған қатысты ҚР ӘҚБтК 560-бабының 1-бөлігі, яғни, жүк поездарында заңсыз жүрiп-тұру, поезд жүрiп бара жатқанда отырғызу және түсiру, вагондардың тепкiшектерi мен төбесiнде жүрiп-тұру, қажетсiз ретте поезды заңсыз тоқтату бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 5 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Көлік полицейлері вагондардың тепкiшектерiнде, төбесінде және адамдардың жүруіне бейімделмеген басқа да орындарда жол жүру қайғылы жағдайларға әкеп соқтыратынын тағы да еске салады.
Темір жол- аса қауіпті аймақ. Сондықтан әрбір азамат темір жол көлігінде жеке қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауы қажет.