Түркістан облысында есірткі егістігі жойылды
Түркістан облысының полицейлері кезекті есірткі егістіктерін жойды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Созақ аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғындардың бірі құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсірумен айналысатыны туралы хабарлама келіп түсті. Созақ аудандық ПБ-нің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасы аясында аудан орталығы тұрғыны үйінің бақшасынан құрамында есірткісі бар түптерді анықтады.
Жедел уәкілдер тінту барысында күдіктіден қарасораға ұқсас алты есірткі түптері мен «кептірілген есірткі заты» бар пакет тәркіледі. Сараптама тағайындалды. Күдікті қолхатта.
«Қарасора-2020» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Ордабасы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тағы бір қарасора егістігін анықтады. Жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізу барысында Ордабасы АПБ-нің қызметкерлері ауылдардың бірінің жанынан жергілікті тұрғын өсіріп келген есірткі заты бар егістікті анықтады. Айғақты зат ретінде тәртіп сақшылары құрамында есірткі заты бар сегіз түп өсімдікті тәркіледі. Сараптамаға сәйкес, алынған есірткі түптері жалпы салмағы 1,5 кг-нан асатын «сора» болып шықты.
Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша ҚР ҚК 300-бабы «Құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция қызметкерлерімен күдіктілердің қарасора түптерін қандай мақсатта өсіргенін анықтауда.
Айта кету керек, өсіруге тыйым салынған құрамында есірткі бар өсімдіктерді егу немесе өсіру үшін осы баптың санкциялары екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.