Дәрі-дәрмектерді заңсыз сатқандардың саны азаймай тұр
Дәрі-дәрмектерді заңсыз сатқандардың саны азаймай тұр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Дәрі-дәрмектерді жоғары бағамен заңсыз сатуды анықтау бойынша рейдтер 20 күннен бері жүргізілуде. Өкінішке орай, пайдаға құныққан адамдар дәрі-дәрмектерді арзан бағамен сатып алып, оларды нарықтық бағадан әлдеқайда қымбат саудалауда.
Полиция қызметкерлері 21 күн ішінде осындай 604 фактіні анықтады. Ішкі істер органдарына 487 адам жеткізілді, оның ішінде 284 адам медицина саласының қызметкері.
Көптеген азаматтар өз туыстарының өмірі мен денсаулығы үшін күресіп, дәріханалардан қажетті дәрі-дәрмектерді іздеп жүрген кезде, кейбіреулері инфекцияның өршуін және халықтың басына түскен қиын жағдайды өз мақсатына пайдаланып, одан табыс тауып жүр. Криминалдық полицияның мәліметтеріне қарағанда, осы пайдақұмар пысықайлардың жартысына жуығы – фармакология саласының қызметкерлері екен.
Дәрі-дәрмектерді қымбат бағаға қайта сату фактілері бүкіл облыста анықталуда. Сатушылар Инстаграмда, телеграмда және басқа да әлеуметтік желілерде хабарландырулар береді, ватсап-чаттар бойынша тарады, жеке сайттарда хабарландырулар береді, лицензиясыз жасырын дәріханалар ашады, сондай-ақ қолданыстағы дәріханалық пунктерде бағаны заңсыз көтереді.
Түркістан облысының Жетісай қаласында заңсыз дәріхана тура базар ішінде жұмыс істеген және препараттардың бағасын 2-3 есе өсіріп сатқан. Бұл дәріхана сөресінен түрлі дәрілік заттардың 558 орамасы тәркіленді.
Түркістан облысының Арыс ауданында дәріхананы лицензиясыз жеке үйде ашқан, үй-жайды тексеру барысында алдын ала көтерме бағамен сатып алған 824 дәрі-дәрмектің қаптамасы тәркіленді.
Батыс Қазақстан облысында медицина мекемесінің қызметкері өз үйінде дәрі-дәрмек сататын заңсыз пункт ұйымдастырған.
Осындай фактілер барлық өңірлерде және ірі қалаларда анықталды.
Егер азаматтардан қымбат баға туралы хабарлама түссе, тексерулер лицензияланған дәріханаларға да жүргізіледі, Нұр-Сұлтан қаласында сұранысқа ие медициналық дәрі-дәрмектердің бағасын көтерген 13 дәріхана анықталды.
Рейд қорытындысы бойынша 90 416 дәрі-дәрмек орамы, 500 000-ға жуық медициналық маскалар, 36 000-нан астам қорғаныс құралдары (қолғаптар, костюмдер, бас киімдер және т. б.) тәркіленді.
Рейдтік іс-шаралар жалғасуда.