Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда велосипедшіні машина қағып кетті

Петропавлда түнгі уақытта машина жүргізушісі велосипедшіні қағып кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

23 шілде түн ортасында Партизанский және Парковая көшелерінің қиылысында «Hyundai» көлігінің жүргізушісі қосарлас жолдан негізгі жолға бұрыла берісте, Партизанский көшесімен келе жатқан велосипедшіні қағып кеткен. Зардап шегуші облыстық ауруханаға жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілген соң үйіне жіберілді. Жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 600-бабы «Жаяу жүргiншiлердің немесе жол жүрiсiнiң өзге де қатысушыларының жүруiне басымдық бермеу» бойынша хаттама толтырылды. Автокөлік иесінің айтуынша, ол қараңғыда велосипедшіні байқамай қалған.

– Расында да, жаяу жүргіншілер мен велосипед, электр самокат, скутер сияқты көлік жүргізушілері түнгі уақытта өздерін байқайтындай етіп қамданғандары жөн, – деп атап өтті СҚО Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Григорий Тыш. –  Дей тұрғанымен, жүргізушілер түнгі көшеде ешкім болмаса да, қиылысқа жақындаған кезде жылдамдықты азайтып, басты жолға бұрылған кезде сақ болулары қажет. Жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында полиция қызметкерлері барлық жол қозғалысына қатысушылардың жолдағы міндеттерін естеріне сала отыра, рейдтер, түсіндіру акцияларын өткізеді.

Апаттық қауіпті жағдайлар әдетте қиылыстарда орын алып жатады. Жолдағы велосипедшілер – жол қозғалысына толық құқықты қатысушылар, сол жаққа бұрылыста, өзге көлік құралдары сияқты оны өткізу керек. Велосипед иелерінің өздері бағыттағы бірнеше жүру жолағы бар жолдарда солға бұрыларда кейде тыйымдарды елемей жатады. Қажет болған жағдайда жолдың жүргінші бөлігінен шығып, белгіленген жерде жолды жаяу қиып өтіп, дұрыс бағытта қозғалысты қайта жалғастыру керек. Велосипедшілер оң жақ шетпен не жолдың жиегімен жүруге болатынын ұмытып, өздеріне қауіп төндіріп жатады. Велосипедшілердің  тарапынан жиі жасалатын бұзушылық –  жаяу жүргінші жолағымен жүру. Жаяу жүргіншілермен бірге жүріп келе жатқан велосипедші қиылыстардан немесе өтпелі жолақтардан велосипедін жаяу сүйреп өтуі тиіс. Жаяу жүргіншілерге кедергі жасамайтын болса ғана велосипедшінің жаяу жүргінші жолымен не жиегімен жүруіне болады.

Облыс орталығының аумағында шілде айының өзінде ғана велосипедшілердің қатысуымен сегіз жол-көлік оқиғасы орын алған. Жыл басынан СҚО жолдарында велосипедшілерді қағып кетудің екі жағдайы қайғылы аяқталды: жол-көлік оқиғасы кезінде екі адам көз жұмып, екеуі жарақат алды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру