Азық-түлік дүкенінде әмиян ұрлаған тұрғын ұсталды
Отырар АПБ-нің кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданады. Ол өз арызында азық-түлік дүкенінің бірінде белгісіз біреу үстел үстіне қойған ақшасы мен құжаттары бар әмиянын ұрлап кеткендігін көрсеткен. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 50 000 теңгеден астам. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркелді.
Орын алған қылмысты ашу мақсатында Отырар АПБ-нің қызметкерлері қажетті шараларды жүзеге асырды. Бейнебақылау камераларын қарап шықты, көрген-білгендерден сұрастырды және басқа да жеделдетілген іс-шараларды жүргізді.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полицейлер қылмыстың «ізін суытпай» бір сағат ішінде ашып, күдікті ретінде жергілікті тұрғын, әйелді өз үйінен ұстады.
Тергеу барысында күдікті айналасында ешкім көріп тұрмағанын пайдаланып, өзінің жеке басының қажеттілігі үшін қараусыз тұрған әмиянды ұрлағанын мойындады. Тәртіп сақшылары күдіктіден жәбірленуші ұрлатқан әмиян мен ақша, құжаттарды тәркілеп алды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға бағалы заттарыңызға сақ болыңыздар, кез келген жерге қараусыз қалдырмаңыздар деп кеңес береді. Дүкендер мен базарларда, басқа да қоғамдық орындарда әмияндарыңызбен сөмкелеріңіздің аузын барынша мықтап жауып жүріңіздер. Сондай-ақ, ақшаларыңызды киімнің ішкі қалталарында ұстағандарыңыз сенімді болатындығын ескертеміз. Бағалы заттарыңызды ұрлатып алсаңыз, немесе осындай оқиғаның куәсі болсаңыз, тез арада полицияның «102» телефонына хабар беріңіз.