Пробация есебінде тұрған адам сертификат алды
Арал аудандық пробация қызметі есепте тұрған сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аудандық жұмыспен қамту бөлімі, пробация есебіндегі жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау Бизнес» жобасы бойынша бір айлық «кәсіпкерлік негіздері» курсын онлайн негізінде жүргізіп жатыр. Жуырда 2019 жылдан бері пробация есебінде тұратын К. есімді ер адам бір айлық «кәсіпкерлік негіздері» курсын онлайн негізінде оқып, сертификат алды. Ер адам қолы қалт етсе, тұрмыстық жиһаздарды өңдеу жұмысымен айналысады екен.
– Жеке кәсібімді ашқым келетінін айтып, пробация инспекторларына өтінішімді жеткіздім. Жасап жүрген кәсібімді одан әрі дамытсам деген мақсатым болды. Міне, «кәсіпкерлік негіздері» курсын онлайн оқып сертификат та алдым, кәсібін енді бастап жатқан азаматтарға мемлекет тарапынан берілетін 530 мың теңге көлемінде қайтарымсыз несиені күтіп отырмын. Кәсібіме қажетті құрал-саймандарды алсам деген ойым бар. Кәсібімді ашып, ескі жиһаздарды жаңалауға, үй жиһаздарына тапсырыстар қабылдаймын. Біз сияқты аяғын шалыс басқан азаматтарға мемлекеттің беріп отырған осы мүмкіндігін уақыт жоғалтпай тиімді пайдалануымыз қажет, – деді есептегі азамат.
Жақында пробация есебіндегі тағы бір азамат мемлекет тарапынан қайтарымсыз несие алып, жеке кәсібін мал бордақылау цехын ашты. Қазіргі таңда бір мезетте бірнеше бас малды бордақылап, бағып отыр.
Пробация тарапынан осындай қолдауға ие болған азаматтар қоғамға бейімделіп, еңбек арқылы адамгершілік қасиеттерінің шыңдала түсері анық.