Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда басқару құқығынан айырылған мас жүргізуші жол-көлік оқиғасын жасады

Петропавлда басқару құқығынан айырылған мас жүргізуші жол-көлік оқиғасын жасады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жамбыл-Интернациональная көшелерінің қиылысында «Volkswagen Passat» көлігін басқарған 22 жасар қала тұрғыны «Toyota» көлігімен соғылды. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ, бірақ екі көлікке де механикалық зақым келтірілген. Тексеру кезінде «Volkswagen Passat» көлігінің жүргізушісі биылғы жылдың сәуір айында масаң күйде көлік жүргізгені үшін жеті жылға басқару құқығынан айырылғаны анықталды. Медициналық куәландыру оның осы жолы да масаң күйде болғанын көрсетті. Аталған факті Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы 2-б. «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру» бойынша енгізілді. Күдіктіге қатысты келу туралы міндеттеме түріндегі бұлтартпау шарасы белгіленіп, көлік айыптұраққа қойылды.

– Биыл 11 қаңтардан бастап масаң күйде көлік жүргізгені үшін оның ішінде бұрын басқару құқығынан айырылған адамдар үшін, жауапкершілікті қатаңдатқан өзгерістер енгізілді, – деп хабарлайды СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев. – Енді сот мұндай адамдарды өмір бойына басқару құқығынан айырады. Қатаң, бірақ қажетті шара. Жол қателесуді кешірмейді, заңнама талаптарына жеңілтектікпен қарауға жол берілмейді. Полиция қызметкерлері осындай фактілермен күреске бағытталған жұмыстарды ұдайы негізде жүргізіп тұрады.

Жыл басынан СҚО полицейлері басқару құқығынан айырыла тұра, көлік тізгініне қайта отырудың 53 фактісін тіркеді. Олардың 49-ы 11 қаңтардан кейін орын алды. Қазіргі уақытта 25 факті бойынша сот шешімі шығарылды. Жаза арқалаған жүргізушілер негізгі жауапкершіліктерінен бөлек көлік басқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру