СҚО-да тұрмысы қолайсыз 259 ата-ана ювеналдық полицияда есепте тұр
Ювеналдық полицейлер жазғы демалыс кезеңінде қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыс жүргізіп, жаңа оқу жылына дайындалуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Пандемия кезеңінде басталған жазғы демалыс кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторларды жасөспірімдер арасындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды ескерту бойынша жұмысқа жаңаша қарауға мәжбүрледі. Полицейлер педагогтармен бірге онлайн-дәрістерге, тікелей эфирлерге қатыса отыра, күнде кешке рейд жүргізеді. Офлайн және онлайн режиміндегі жұмыс тең дәрежеде жүргізіледі: инспекторлар рейдтерден бөлек, әлеуметтік желілерде профилактикалық жұмысты қолға алған. Мәселен, Петропавл қаласы Полиция басқармасы ювеналдық полиция бөлімшесінің қызметкерлері жаз бойы бірқатар акция мен іс-шараларды өткізді. Полицейлер қаланың ықшам аудандарын аралап, балалар мен ата-аналарға жазды қауіпсіз өткізу жолдары туралы жадынамаларды таратты; балалар еңбегін пайдалану фактілерін ескерту бойынша рейдтер жүргізіп, балаларға өздерін суда қалай ұстау керектігін түсіндірді, ТЖ қызметкерлерімен бірге жағажайларды тексерді. Сондай-ақ, бүлдіршіндердің көп қабатты үйлердің терезелерінен құлап-кетуін ескерту мақсатында қалалық ювеналдық полицейлер өздерінің балаларын қатыстырып, мемлекеттік және орыс тілдерінде бейне роликтер әзірледі. Қысқа мерзім ішінде роликтер тек «Instagram»-да мыңдаған қаралым жинап, жүздеген лайк пен ондаған жылы лебіздерге ие болды.
– «Түнгі қаладағы балалар», «Балалар еңбегін пайдалануға қарсы 12 күн», балалардың жолдағы, судағы, кешкі уақыттағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша рейдтер – жыл басынан облыс бойынша 67 локалды тексеріс және 516 рейд жүргізілді. Іс-шараларға еріктілер мен барлық мүдделі органдардың өкілдері белсенді қатысты, – деп атап өтті СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев. – Ювеналдық полиция желісі бойынша жыл басынан 1938 құқық бұзушы анықталып, жауапқа тартылды. Тек облыс орталығында кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта үйден тыс жүргені үшін 287 құқық бұзушы жауапқа тартылды. Облыс бойынша – 1252. Түрлі бұзушылықтар үшін 109 кәмелетке толмаған, сондай-ақ 160 қолайсыз отбасы есепке қойылды. Қазіргі уақытта СҚО-да полиция есебінде 259 ата-ана тұр, олармен профилактикалық жұмыс жүргізіледі
.СҚО Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасында жазғы демалыс кезеңінде басты мақсат – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету деп атап өтті. Жаңа оқу жылы қарсаңында СҚО ювеналдық полицейлері әдеттегідей «Мектепке жол», сондай-ақ «Қауіпсіз жол», «Назар аударыңыз, балалар!» жедел-профилактикалық іс-шараларын өткізуді жоспарлап отыр.