Ішімдік ішкен ер адам себепсіз жігітті ұрып кетті
Түркістан облысының полицейлері жергілікті тұрғынды ұрып-соққан күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазығұрт АПБ-не ауруханадан жергілікті тұрғын жеңіл дене жарақаттарымен қаралғаны жөнінде хабарлама келіп түседі. Ақпарат алысымен полицейлер тез арада іске кірісті. Полицейлердің анықтауынша, кешкі уақытта жәбірленуші жігітті дүкен жанында белгісіз ішімдік ішкен ер азамат себепсізден-себепсіз ұрып-соғып кеткен. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 293-бабы (Бұзақылық) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Қазығұрт аудандық полицейлерінен жедел-тергеу тобы құрылып, іздестіру жұмыстарын жүргізді. Жинақталған ақпарат көздері сараланып, нәтижесінде күдіктінің жеке-басы анықталды. Осылайша бір тәулік ішінде ол ұсталды. Ұсталған азамат өзінің бұзақылық әрекетін толығымен мойындады. Бас шарасы «ешқайда кетпеу туралы міндеттемеде». Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға барынша сақ болуды ескертеді. Қоғамдық тыныштықты бұзбауға шақырады. Егер де осындай бұзақылықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, уақыт өткізбестен, тез арада полицияның «102» телефонына хабарласыңыздар.