Полицейлер жол үстінде ауа жетпей тұншығып қалған 8 айлық баланы ауруханаға шұғыл жеткізуге көмектесті
Алматы облысында полицейлер жол үстінде ауа жетпей тұншығып қалған сегіз айлық баланы ауруханаға шұғыл жеткізуге көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әлеуметтік желілердегі жарияланымдар мен пікірлерге мониторинг жүргізу барысында белгісіз тұлғалардың полицейлерге жол үстінде ауа жетпей тұншығып жатқан сегіз айлық баланы ауруханаға жедел жеткізуге қол ұшын бергені үшін зор алғыс білдірген жаряланым табылды.
– Біз жарияланым авторы алғыс білдірген қызметкерлерді анықтадық. 13 тамызда Талдықорған қаласы ПБ патрульдік полиция қызметінің аға инспекторы Руслан Тезекпаев пен оның әріптесі полиция инспекторы Мадияр Керімбаевтың «150 борт» экипажының құрамында Алакөл ауданы Бескөл станциясында қоғамдық тәртіпті және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша іссапарда болғаны анықталды. 14 сағат 30 минутта олар «Мазда» маркалы автокөлікті тоқтатқан. Көлік жүргізушісі баласының жағдайы нашарлап кеткенін және оны Үшарал қаласының ауруханасына алып бара жатқанын түсіндірген. Көз жасына ерік берген әйел полицейлерге баланың тұншығып жатқанын және оған шұғыл көмек қажет екенін және жолдағы көп қозғалыс салдарынан қатты жүре алмай келе жатқанын түсіндірген. Тәртіп сақшылары шұғыл шешім қабылдап, қызметтік көліктеріне анасы мен баласын және әжесін отырғызып, шұғыл түрде көмекке мұқтаж сегіз айлық баланы Үшарал аудандық орталық ауруханасы дәрігерлерінің қолына тапсырған. Полиция қызметкерлеріне алғыс жариялау мәселесі қаралуда, – деді Алматы облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі Ақбота Қуанышбекқызы.