Қарағандыда 39 жастағы қала тұрғынының велосипедін тартып әкеткен
Қарағандыда қала тұрғынының велосипедін тартып әкеткен ер адам анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
1 қыркүйек күні Теміртау қалалық Полиция басқармасына қарасты Шығыс полиция бөліміне белгісіз біреу Комсомольский көшесінің бойында күш қолдану арқылы 39 жастағы қала тұрғынының велосипедін тартып әкеткендігі туралы хабарлама түсті. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 300 мың теңгені құраған.
Жәбірленуші полиция қызметкерлеріне өзінің затын тартып әкеткен қаскөйді суреттегенде, тәртіп сақшылары бұрын өзгелерге күш көрсету фактілері бойынша құқық қорғау органы қызметкерлерінің назарына ілінген 35 жастағы азамат туралы айтылғанын бірден аңғарды. Арада бірнеше уақыт өткен соң күдікті қолға түсіп, жасаған ісін мойындады.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 191-бабы (Тонау) бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.