Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тілім менің – тірлігімнің айғағы!

Түркістан облысы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен әртүрлі ұлт өкілдерінің достығын дәріптеу аясында Қазақстан Тілдері күні мерекесіне орай жыл сайын дәстүрлі түрде «Ұлтым – өзге, тілім – бір» атты мерекелік іс-шарасы ұйымдастырылып, облыс деңгейінде өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Биылғы жылы пандемия аталмыш байқауды келер уақыттың еншісіне қалдырды. Алайда Түркістан облысы полиция департаментінде қызмет атқаратын ұлт өкілдері өздерінің өлеңдерін және белгілі ақын жазушылардың жырларын арнап айтты. Өз кезегінде бұл Қазақстан Тілдері күні мерекесіне арналған тамаша тарту болды. Мәселен, Түркістан қалалық полиция басқармасында қызмет атқаратын ұлты беларусь Светлана Литвинюк. Ол бүгінде полиция аға лейтенанты шенімен антына адалдық танытып, қылмыскерлердің құрықталуына өз үлесін қосып келеді. Ол Мұхтар Шахановтың «Туған жерім» атты өлеңін мерекеге арнап жатқа оқыды. Ал Светлананың әріптесі Насыр Әсетұлы өзбек баласы. Насыр үш тілді еркін меңгерген полицей. Әсіресе қазақ тілінде мүдірмей анық сөйлейді. Менің тілім қазақ тілі деген патриот полицей ақын Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым» атты өлеңін жатқа оқыды. Сондай-ақ Бәйдібектік Махмед Махмудов қазақ тіліне деген шексіз құрметінің айғағы ретінде өзінің жүрегінен шыққан өлеңін оқып берді. Ол «ұлтым күрді болғанмен менің жүрегім қазақ әрқашан қазақ деп соғады!»,- деді. ҚР ішкі істер органында бірталай жыл екбек етіп, полиция майоры шенімен зейнетке шыққан Махмед ағартушы Ахмет Байтұрсыновтың туған күнімен де құттықтады. Ал Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің полицейі, полиция майоры Видади Наурызов болса Тілдер мерекесіне арнап тілге байланысты жаттаған нақыл сөздерді нақышына келтіріп айтып берді.

«Өз тілің бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін. Тіл ұлттың сүйенетін тамыры…Мен Қазақстаныма аянбай қызмет ете беремін» , – дейді полицей Видади.

Сонымен қатар Мақтаарал ауданы полиция бөлімінің полицейі Шахрух Баратовтың құттықтауы тіпті ерекше болды. Тәжік ұлтының баласы сахнада тұрып, барша қазақстандықтарға арнап «Туған жер» әнін шырқады.

Мінеки осылайша облысымыздағы полиция құрылымдарындағы өзге ұлт өкілдері айтулы мерекеге осындай тарту жасады.

Тілдің абыройын асқақтатар іс- шаралар көп болсын, ал ұлт ұстазының 148 жылы жылда еленіп, еліміздегі береке бірлікті нығайта берсін. Тілді қорғау, құрметтеу ол баршамыздың борышымыз. Сондықтан кез-келген ұлттың болмыс бітімін білдіретін үш құндылықтың бірі – тілді таза күйінде сақтай білейік.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру