«Lexus» жүргізушісі мас күйінде көлік басқарған
Ақтөбеде бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған жүргізушілердің жауапкершілігі туралы заңнаманың күшеюіне қарамастан, мұндай фактілер орын алуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
6 қыркүйекте Ақтөбе қаласының Береговая көшесіндегі патрульдік полиция қызметкерлері «Lexus» маркалы автокөлігін тоқтатты. 34 жастағы автокөлік жүргізушісі жүргізуші куәлігінен айырыла отыра, көлік құралын орташа дәрежедегі мас күйінде басқарған. Іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Ер адам Ақтөбе қаласы ПБ уақытша ұстау изоляторына қамалды, автокөлік айыппұл тұрағына жеткізілді.
Жыл басынан бері Ақтөбе облысының аумағында ҚР ҚК-нің 346-бабы бойынша (Көлік құралын алкогольдік масаң күйде жүргізу құқығынан айырылған адамның көлік құралын басқаруы) 124 факті анықталды.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылғы 11 қаңтарда күшіне енген заңдағы жаңа өзгерістерге сәйкес, Қазақстанда бұрын КО басқару құқығынан айырылған, Көлік құралдарын алкогольдік масаң күйде басқарған жүргізушілерге қатысты жаза қатаңдатылды. Осы баптың санкциясы бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жазаны көздейді.
Ақтөбе облысы Полиция департаменті азаматтарды алкогольдік және есірткілік масаң күйде көлік құралдарын басқармауды сұрайды және ескертеді, өйткені сіздің ойланбаған әрекеттеріңізден кінәсіз адамдар зардап шегуі мүмкін.