2 жасар бүлдіршінді полицейлер тапты
Түркістан облысының полицейлері екі жасар баланы анасына қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түлкібас АПБ-не жергілікті тұрғын арызданған. Ол өзінің арызында қызы азаматтық некеде тұратын күйеу баласымен жанжалдасқан. Ұрыстың салдарынан қызы баласын алып, анасының үйіне келген. Алайда онда да тыныштық бермей, екеуіне ортақ баланы белгісіз бағытқа алып кеткенін көрсеткен.
Кәмелет жасына толмаған бүлдіршін үшін анасы уайымдап, полиция қызметкерлерінен көмек сұраған.
Аталған жайт Түлкібас АПБ-не тіркеліп, полицейлер жедел іздестіру шараларын жүргізді. Екі күн бойы туған туыстарының үйлерінен іздеп, жұбайының анасының үйінен тапты. Аман-есен баланы анасына табыстады.
Анасы тәртіп сақшыларына өз алғысын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі. Қазіргі уақытта азаматтық некедегі күйеуімен қайта татуласып, бірге тұрып жатыр.
Арызданушы әйелді қорғау нұсқамасына алды.
Полиция қызметкерлері қандай уақытта болмасын тұрғындарға көмек беруге әрқашан дайын. Күн-түн тынбай еңбек етіп елдің тыныштығын алдыңғы қатарға қоюда. Көптеген бүлдіршіндерді аналарына, егде жастағы аналарын балаларына аман-есен қауыштыруда.