Ынтымағы жарасқан көп балалы отбасы
Қызылордада көп балалы отбасының отағасы ҚАЖ департаментінде қызмет етеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстанда кәмелетке толмаған төрт баласы бар отбасы – көп балалылар қатарына жатады. Осындай көп балалы отбасылар Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінде де бар. Бес баланың әкесі, әділет подполковнигі Серік Сейдахметов Сотталғандар арасында тәрбие жұмысы тобының бас маманы болып қызмет жасайды. Тамыры тереңге жайылған ұстаздар әулетінен өніп-өскен Серік Асылбекұлы құқық қорғау саласын таңдайды. Жиырма жылға жуық Қылмыстық- атқару жүйесі саласының ыстығына күйіп, суығына тоңып, қызметтің қыр-сырын жете меңгерген Серік, бүгінде үлгілі әке. Ол ата –атасынан алған тәлім – тәрбиесін, балаларының бойын, сіңіріп, жақсы азамат етіп тәрбиелеп келеді.
Балаларының тұңғышы Жалғас И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжінің студенті атанса, Ботагөз, Жарас, Ләйлі мектеп жасында, ал, Әлішер 1 жаста. Жұбайы Гүлмира екеуі балаларына теңдей тәрбие беріп, олардың жеткен жетістіктеріне бірге қуануда. Ботагөзі адамның ішкі дүниесін байытып, жанын тазартатын құдіретті өнер би үйірмесіне қатысады. Ер бала қашанда спортқа жақын келеді. Жарасы футбол үйірмесіне барып жүр.
– «Әке балаға сыншы» дейді халқымыз. Балаларым бір әрекет жасау үшін әуелі менімен ақылдасып, кеңес сұрайды. Ер баланың өсіп, жетіліп, өз алдына жеке тұлға болып қалыптасуында, қоғамдағы өз орнын дұрыс таба білуінде әкенің атқаратын еңбегі ерекше деп айтар едім.
Дана халқымыз «балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демей ме, балаға тек үлгі болу керек. Ата-ананың арасындағы сүйіспеншілік, сыйластық, адалдық, кешірім – осының барлығы баланың да бойынан табылады. Демек, сөзбен емес, іспен тәрбиелеуіміз керек. Тәрбие басы – тал бесік демекші балаларымды кішкентай кезінен бастап отан сүйгіштікке, мақсаткерлікке, ақылдылыққа, қайырымдылыққа, әдептілікке, имандылыққа тәрбиелеп келемін. Сонау ата- бабамыздан келе жатқан ұлттық- салт дәстүрімізді баланың санасына сіңіріп, жақсы азамат етіп тәрбиелеу әкенің міндеті, – дейді Серік Асылбекұлы.