Ювеналды полицейлер 7 жасөспірімнің ата-анасына хаттама толтырды
Түркістан облысында «Жасөспірім» жедел профилактикалық іс-шарасы болып өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ордабасы АПБ-нің полиция қызметкерлерімен «Жасөспірім» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Аудан көлемінде кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтардың алдын алу, жасөспірімдердің өмірлерін қорғау мақсатында аталған іс-шара ұйымдастырылды. Сонымен қатар түнгі уақыттарда үйден алыс ата-анасының, болмаса үлкендердің еріп жүрулерінсіз жүрген жасөспірімдерді анықтауға және кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстардың жолын кесуге бағытталған. Сондай-ақ аудандық полиция бөлімшелерінде карантин кезінде санитарлық нормалардың талаптарын сақтай отырып, көшелерде, аулаларда, жастар көп шоғырланатын жерлерде түнгі рейдтер өткізу үшін бірнеше мобильдік топтар құрылды. Осыған байланысты полиция қызметкерлері аталған іс-шара барысында 15 тәулік ішінде Ішкі істер органдарына 30-ға жуық кәмелетке толмаған жасөспірімдерді жеткізді.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары рейд барысында 20 құқық бұзушылықты анықтады.
Ювеналды полицейлер жеті жасөспірімнің ата-аналарына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127- бабы (Кәмелетке толмағанды тәрбиелеу және (немесе) білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша әкімшілік хаттама толтырды.
Осы сияқты кәмелетке толмағандарға темекі өнімдерін сатудың жеті жайты және алкоголь өнімдерін сатудан бір жағдай анықталды.
15 күндік жұмыстың нәтижесінде жасөспірімдердің ата-аналарына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы (Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын-үйден тыс жерде болуына) ескерту жасалды.
Осы бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады. Әрбір ата-ананың назарына кәмелет жасына жетпеген балаларын қараусыз қалдырмауды, бала тәрбиесімен тұрақты түрде айналысуды ескертеміз. Сондықтан ата-аналар өз балаңыздың өміріне жауапты екеніңізді ұмытпаңыз.